1 шілдеден бастап Қазақстан Парламентінің бірпалаталы моделіне көшуі күтілуде.

Заң ғылымдарының докторы, университет оқытушысы әрі Молдова Республикасының Конституциялық әділет институтының төрағасы Валерий Кучук бұл қадамды елдегі ауқымды саяси өзгерістердің бір бөлігі ретінде қарастыру қажет дейді.

«Конституциялық реформа президенттік басқару формасын күшейтіп, биліктің негізгі институттары арасындағы өкілеттіктердің тепе-теңдігін өзгертеді», — деп атап өтті сарапшы.

Валерий Кучуктың айтуынша, бірпалаталы модель Еуропадағы шағын және орта мемлекеттерде, сондай-ақ Азия, Африка, Латын Америкасы мен Океания елдерінде кең таралған. Еуразияда мұндай жүйеге Украина, Түркия, Швеция, Қытай, Иран және Израиль жатады.

Сарапшы:

«Парламенттің ықпалы палаталардың санына емес, саяси жүйеге, легитимділік деңгейіне және конституциялық өкілеттіктер көлеміне байланысты», — деп түсіндірді.

Ол бірнеше мысал келтірді:

«Қытай, Түркия, Оңтүстік Корея, Израиль, Швеция және Дания елдерінде бірпалаталы парламенттер заң шығару, атқарушы билікті қалыптастыру және бақылау, бюджетті бекіту мен маңызды тағайындауларды мақұлдау ісінде маңызды рөл атқарады».

Сарапшы Қазақстан үшін бірпалаталы парламентке сәтті көшу үшін негізгі шарттарды атады:

«Парламенттің шынайы дербестігі, тәуелсіз Конституциялық сот, бәсекелі партиялық жүйе, өңірлердің өкілдігі, реформаларды кезең-кезеңімен енгізу маңызды», — деді ол.

Валерий Кучук Орталық Азия елдеріндегі саяси өзгерістерге де тоқталды:

«Қазақстанда – басқарылатын конституциялық реформа жүріп жатыр, Өзбекстан – сақ либерализация жолын таңдаған, Қырғызстан – өңірдегі ең ашық саяси мемлекет болып қалып отыр. Ал Тәжікстан мен Түрікменстан неғұрлым жабық әрі орталықтандырылған модельдерді сақтап келеді», — деп түсіндірді сарапшы.

Сарапшының айтуынша, Орталық Азиядағы реформаларды Еуразиядағы жалпы процестерден бөліп қарауға болмайды:

«Көптеген мемлекет мемлекеттік басқару моделін қайта ой елегінен өткізіп, билік вертикалын нығайтып, өз даму жолын іздестіріп жатыр».