Жоғары технологиялар саласындағы әлемдік көшбасшылардың бірі саналатын компанияның жетекшісімен әңгіме барысында өзара тиімді ынтымақтастықтың келешегі талқыланды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның заманауи цифрлық экономика қалыптастыруға, жасанды интеллект пен жоғары технологиялық өнеркәсіпті дамытуға баса мән беріп отырғанын жеткізді.

Мемлекет басшысы өңірде Xiaomi брендіне деген сұраныс арта түскенін атап өтті. Компанияның озық технологияларды игеруде тәжірибесі мол екенін ескере отырып, жасанды интеллектіні, есептеуіш қуатын, «бұлтты» технологияларды және цифрлық платформаларды дамыту бағытында бірлескен жобаларды жүзеге асыру әлеуетін зерделеу ұсынылды.

Лу Вэйбин корпорацияның стратегиялық даму жоспарымен таныстырды. Xiaomi басшылығы Қазақстан мен Орталық Азия нарығында дистрибуцияны барынша реттеуді жоспарлап отыр. Сонымен қатар күрделі ЖИ-жүйелерге қызмет көрсету үшін жергілікті мамандарды даярлау мәселесі де күн тәртібінде тұр.

Бұл ретте Президент еліміздің электромобиль, аккумулятор өндірісін жолға қоюға, сондай-ақ интеллектуалдық көлік жүйелерін дамытуға мүдделі екенін айтты.

Мемлекет басшысы Xiaomi компаниясының Қазақстан нарығында қызмет аясын кеңейтуге және ұзақмерзімді стратегиялық серіктестікті нығайтуға бағытталған барлық бастамасын қолдауға дайын екенін растады.