Қасым-Жомарт Тоқаев Guoyou компаниялар тобының басшысы Юй Боянмен кездесті
Фото: akorda.kz
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Guoyou Materials Industry Group Co., Ltd компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Юй Боян порт инфрақұрылымы саласындағы өзара тиімді ынтымақтастықтың келешегін талқылады.
Мемлекет басшысы Қазақстан Еуразияның толыққанды көлік хабына айналу жөнінде өршіл мақсат қойып отырғанын атап өтті.
Осы орайда Президент еліміздің аумағында мультимодальді портты хаб құру туралы бастаманы құптады. Guoyou Materials Group компаниясы Маңғыстау облысында Құрық көпфункционалды портын салуды жоспарлап отыр. Жобаны жүзеге асырудың алғашқы жылында корпорация жүк өткізу көлемін 15 миллион тоннаға дейін жеткізуді көздейді.
Қасым-Жомарт Тоқаев осы ауқымды жобаны іске асыру теңіз бен теміржол логистикасын ұштастыра дамытып, аймақтағы көлік инфрақұрылымының өткізу ауқымын кеңейте түсетініне, сондай-ақ Қазақстанның экспорттық және транзиттік әлеуетін арттыратынына сенім білдірді.

Фото: akorda.kz
Юй Боян Мемлекет басшысына жоба жайында егжей-тегжейлі баяндап, Каспийдегі теңіз тасымалының келешегіне қатысты ой-пікірімен бөлісті. Әңгіме барысында портты хаб салу арқылы жұмыс орындарын ашу, саладағы кадрлық әлеуетті нығайту, қазақстандық тауар мен қызметтерді пайдалану сынды ұзақмерзімді әлеуметтік-экономикалық өзгерістерге жол ашылатынына назар аударылды.

Фото: akorda.kz