Астананың Сарыарқа ауданында елорда мерекесіне орай тағы екі жаңа аула ашылды
Фото: Gov.kz
Елорда күні қарсаңында Сарыарқа ауданында И.Құтпанов көшесі мен Сарыарқа даңғылы, 11 мекенжайларында бой көтерген тағы екі абаттандырылған аула салтанатты жағдайда қолданысқа берілді. Бұл туралы Астана әкімдігінің ресми сайты хабарлады.
Абаттандыру жұмыстары барысында аулаларға қауіпсіз резеңке төсеніш жайылып, заманауи ойын кешендері, спорт және шағын футбол алаңдары бой көтерді. Аталған жобаларды жүзеге асыруға тұрғындар да белсене атсалысты.
Атқарылған істер жергілікті тұрғындардың ұсыныстары мен өтініштерін ескере отырып қолға алынды.
Салтанатты рәсімнен соң бүлдіршіндер үшін балалардың сүйікті мультфильм кейіпкерлері қатысқан мерекелік бағдарлама өтті. Кішкентайларға арнап алуан түрлі ойындар, байқаулар, көңілді ойын-сауық шаралары мен естелік сыйлықтар дайындалды.
Сарыарқа ауданындағы кешенді абаттандыру жұмыстары қарқын алып келеді. Биыл Республика даңғылынан Сарыарқа даңғылына дейінгі аралықтағы Кенесары көшесін қайта жаңғырту жоспарланып отыр.
Бұған қоса, қала кеңістігін жаңарту аясында жаңа көше жиһаздары орнатылып, жарықтандыру жүйесі жаңғыртылуда, ескі жарық тіректері ауыстырылып, өзге де инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асуда.
Құрылыс маусымы басталғаннан бері Сарыарқа ауданында жалпы саны 13 аула аумағында күрделі жаңғырту жұмыстары атқарылды.