Астанада сайлау күні қоғамдық көлік тегін қатынайды
23 тамызда Құрылтай депутаттарының сайлауы өтетін күні Астана қаласының қоғамдық көлігінде жол жүру тегін болады. Бұл туралы City Transportation Systems (CTS) компаниясы хабарлады.
Көлікте тегін жүру азаматтардың жүріп-тұруына қолайлы жағдай жасап, сайлауда дауыс беруге мүмкіндік жасау мақсатында қолға алынды. Азаматтар Tarlan Astana жеңіл рельсті көлігінде, қалалық, экспресс және қала маңындағы бағыттарда тегін жүре алады.
Еске сала кетсек, Құрылтай депутаттарының сайлауы 23 тамызға белгіленген. Сайлауға 7 саяси партия қатысып жатыр. Олардың тізімінде 546 кандидат бар.
Бір палаталы Парламентке көшу конституциялық реформаның негізгі бағыттарының бірі болды. Жаңа Конституция жобасында Құрылтай құрамына 145 депутат кіріп, олардың өкілеттік мерзімі 5 жыл болатыны қарастырылған.