Астанада қала аумағын кешенді көгалдандыру жұмыстары жалғасып жатыр. Бүгінде елордада шамамен 4,7 миллион жасыл желек өсіп тұр. Ал «Жасыл белдеу» аумағында тағы 14 миллионға жуық өсімдік жайқалып келеді.

Жыл сайын Астанада шамамен 1 миллион жаңа жасыл желек отырғызылады. Оның ішінде 70 мыңға жуығы – ағаш.

Қала жағдайына және жергілікті климат ерекшеліктеріне төзімді ірі ағаштар мен көпжылдық бұталарды отырғызуға айрықша мән беріледі.

Елордадағы көгалдандыру жұмысының көркін келтірген өсімдіктердің бірі – шашақты гортензия. Бұл көпжылдық сәндік бұта ұзақ уақыт гүлдеп, ірі гүлшоғырларымен ерекшеленеді. Оның гүлдерінің реңкі маусым бойы біртіндеп өзгеріп отырады.

Шашақты гортензия қысқы суыққа төзімді. Суық ауа райына шыдамды бұл өсімдік дұрыс күтім жасалған жағдайда қалалық ортаға да жақсы бейімделеді.

Астананың қысы қатты аязымен, боранымен, ауа райының күрт ауытқуымен және өсімдіктердің өсу кезеңінің қысқалығымен ерекшеленеді. Соған қарамастан, климатқа бейім өсімдіктерді дұрыс таңдау арқылы жасыл желекті тұрақты әрі алуан түрлі етуге мүмкіндік бар.

Гүлге оранған гортензиялар елорданың жасыл қорын арттыруға бағытталған ауқымды жұмыстың бір бөлігіне айналып, қоғамдық кеңістікке көрік беріп, қала келбетіне өзіндік сән қосып тұр.