Астанада «Әділет» партиясының кезектен тыс III съезі өтуде
Фото: BAQ.kz
«Әділет» партиясы түрлі кәсіби қауымдастықтар мен қоғамдық бірлестіктердің бастамасымен құрылған.
Астанадағы Тәуелсіздік сарайында «Әділет» партиясының кезектен тыс III съезі жұмысын бастады.
Съезге еліміздің барлық өңірінен келген 1000-нан аса делегат, облыстық филиалдардың, қоғамдық бірлестіктердің, сарапшылар қауымдастығының өкілдері және өзге де шақырылған қонақтар қатысып жатыр.
Пленарлық отырыс басталар алдында партияның Саяси кеңесінің отырысы өтіп, онда күн тәртібіндегі мәселелер мен партия қызметінің алдағы басым бағыттары талқыланды.

Фото: BAQ.kz
Кезектен тыс III съезде делегаттар партияның сайлауалды бағдарламасын, Құрылтай депутаттығына ұсынылатын кандидаттардың партиялық тізімін бекітеді. Бұдан бөлек, партия Жарғысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу, мүшелік жарналардың мөлшерін айқындау және қорытынды қаулы қабылдау мәселелері қаралады.
Партия өкілдерінің мәліметінше, 10 шілдеге дейін «Әділет» партиясы ұйымдық құрылымын толық қалыптастырып, өңірлік желісін құрып үлгерген. Өңірлік саяси кеңестердің құрамына 808 адам, ал бақылау-тексеру комиссияларына 100 адам енгізілген.

Фото: BAQ.kz
Олардың қатарында шағын және орта бизнес, білім беру мен ғылым, үкіметтік емес ұйымдар, кәсіподақтар, мәдениет, спорт, өнеркәсіп, көлік, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, денсаулық сақтау, бұқаралық ақпарат құралдары, экономика, құқықтану, IT және креативті индустрия салаларының өкілдері бар.
Айта кетерлігі, «Әділет» партиясы түрлі кәсіби қауымдастықтар мен қоғамдық бірлестіктердің бастамасымен құрылған. Партияның құрылтай съезі биыл 7 мамырда Астанада өткен еді. Ал 1 маусымда Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі партияны заңнама талаптарына сай мемлекеттік тіркеуден өткізді.
Қазіргі уақытта съезд жұмысы жалғасуда. Жиын барысында партияның алдағы саяси бағытын айқындайтын негізгі құжаттар қабылданып, Құрылтай сайлауына қатысатын кандидаттардың партиялық тізімі ресми түрде жария етіледі.

Фото: BAQ.kz