Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек қаладағы медициналық инфрақұрылымды дамыту жоспарлары туралы ақпаратпен бөлісті. Оның айтуынша, алдағы жылдары елордада денсаулық сақтау саласының 11 жаңа нысаны бой көтермек. Олардың қатарында көпбейінді аурухана, заманауи 8 емхана және 2 жедел медициналық жәрдем қосалқы станциясы бар.

Фото: Gov.kz

«Басты мақсаттардың бірі – акушерлік және босандыру қызметтерін жетілдіру. Соңғы он жылда елордадағы босану көрсеткіші 35 пайызға өсті. Осыған орай, біз екі жаңа перинаталдық орталық салу туралы шешім қабылдадық. Бір нысанды 2027 жылы аяқтауды жоспарлап отырмыз. Бұл жобалар ана мен бала денсаулығын қорғау жүйесін толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – деп атап өтті қала әкімі.

Фото: Gov.kz

Сондай-ақ Сарыарқа ауданында 300 орынға арналған көпбейінді аурухананың құрылыс жұмыстары жалғасып жатыр. Қазір №2 қалалық көпбейінді аурухананың жанында қабылдау-диагностикалық кешеннің құрылысы аяқталуға жақын.

«Нұрлы жол» вокзалы маңында бір ауысымда 350 адамды қабылдай алатын жаңа емхана жұмысын бастады. Телман елді мекенінде де емхана құрылысы жүріп жатыр. Алдағы жылы тағы екі ірі емхана және Өндіріс елді мекеніндегі дәрігерлік амбулаторияның құрылысын бастау көзделген, – деп хабарлады Жеңіс Қасымбек.

Фото: Gov.kz