Астанада автобус әйнегін сындырған жолаушы 20 тәулікке қамауға алынды
Фото: Gov.kz
Елордада «Заң мен тәртіп» қағидатын жүзеге асыру аясында вандализмнің кез келген көрінісі мен қоғамдық тәртіпті бұзуға қатаң тосқауыл қойылып отыр. Жүргізушімен болған жанжалдан кейін автобустың әйнегін сындырған жолаушы сот шешімімен 20 тәулікке әкімшілік қамауға алынып, келтірілген материалдық шығынды өтеуге міндеттелді.
Полицияға қалалық автобустардың бірінде жолаушы жанжал шығарып, жүргізуші кабинасын салоннан бөліп тұрған әйнекті сындырғаны туралы хабарлама түскен.
Тексеру барысында 44 жастағы ер адамның жеке басы анықталды. Белгілі болғандай, жанжалдың шығуына автобус оның түсуі тиіс аялдамаға тоқтамай, өтіп кеткені себеп болған. Осыдан кейін жолаушы жүргізушімен сөзге келіп, ашуға булығып, жүргізуші кабинасы мен салонды бөліп тұрған әйнекті жұдырығымен ұрып сындырған.
Ұсақ бұзақылық жасағаны үшін ер адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот шешімімен оған 20 тәулікке әкімшілік қамау жазасы тағайындалды. Бұған қоса, ол келтірілген материалдық шығынды өтеуге міндеттелді.
Полиция кез келген даулы жағдай заң аясында шешілуі тиіс екенін ескертеді. Агрессивті әрекет, мүлікті бүлдіру және қоғамдық тәртіпті бұзу заңнамада көзделген жауапкершілікке әкеп соғады.