Астанада «AIU 2026 – Елорда жүрегінде» халықаралық жазғы мектебі аяқталды
Бүгін Астанада «AIU 2026 – Елорда жүрегінде» халықаралық жазғы мектеп жобасының жабылу рәсімі өтті. Осыған орай Астана Халықаралық университетінде қорытынды шара ұйымдастырылды.
Шара барысында әлемнің 10-нан астам елінен келген студенттер ұлттық киім таныстырып, өз мәдениеті туралы баяндады. Сондай-ақ жобаға қатысушылар мен елшілік өкілдері халықаралық жазғы мектеп жайлы пікір білдірді. Ұйымдастырушылар аталған бастаманы алдағы жылдары да жалғастыруға ниетті екенін жеткізді.
Халықаралық жазғы мектеп биыл 5 шілдеде басталды. Жобаға Қытай, Вьетнам, Ресей, Германия, Италия, Беларусь, Өзбекстан, Қырғызстан, Камбоджа, Непал және өзге де елдерден келген студенттер қатысты.

Он күнге жоспарланған бағдарлама аясында қатысушылар қазақ тілі мен ұлттық мәдениетпен танысып, асық ату, арқан тарту және тоғызқұмалақ сынды ұлттық ойындарды үйренді. Бұған қоса, олар Қазақстан Ұлттық музейіне барып, еліміздің тарихи-мәдени мұрасымен танысты. Студенттер киіз үй мәдениеті мен қазақ халқының дәстүрлі тұрмыс-тіршілігі туралы мәлімет алып, елорданың негізгі тарихи және мәдени нысандарын аралады.
Бағдарлама соңында қатысушылар ұлттық ойындар бойынша өзара бақ сынасып, халықаралық командалар құрамында өнер көрсетті. Жоба шетелдік жастардың Қазақстан мәдениетімен жақынырақ танысуына және түрлі ел өкілдері арасындағы мәдени байланысты нығайтуға мүмкіндік берді.
Қытайдың Цзянсу провинциясындағы Цзянсу Мұхит университетінен келген студент Цзычен Лю жобаның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті.
«Халықаралық жазғы мектеп жобасы өте жақсы ұйымдастырылған. Осы бастамаға атсалысқан барлық азаматқа алғысымды білдіремін. Маған қазақтың дәстүрлері мен ұлттық ойындары ерекше ұнады. Кейбір ойындарда командалық жұмыстың маңызы айқын көрінеді. Біз төрт топқа бөлініп жарыстық және жақсы нәтижеге қол жеткіздік. Әсіресе, арқан тарту мен асық ату ойындары қатты ұнады», – деді ол.
Айта кетерлігі, жобаны Астана Халықаралық университеті мен Қытайдың Халықаралық бизнес және экономика университеті жанындағы Қазақстан-Қытай экономика және сауда институты бірлесіп ұйымдастырды. Сондай-ақ халықаралық серіктес жоғары оқу орындары қолдау көрсетті.