Астанада 2035 жылға дейін 140-қа жуық жаңа мектеп салу жоспарланған
Фото: Gov.kz
Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында 2035 жылға дейін 140-қа жуық жаңа мектеп салу жоспарланғанын жазды.
«Білім беру жүйесін дамыту кешенді тәсілді талап етеді. Сол себепті біз заманауи білім беру ұйымдарын салумен қатар, педагог мамандарын даярлау ісіне де айрықша көңіл бөліп келеміз. Мәселен, соңғы жылдары педагогикалық мамандықтар бойынша жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беруге арналған шамамен 1,5 мың мемлекеттік грант бөлінді.
Бүгінде қала әкімдігінің гранты негізінде педагогикалық мамандықтар бойынша шамамен 2 мың студент білім алып жатыр. Соңғы үш жылда 1 314 түлек оқуын сәтті аяқтап, диплом алды.
2026–2030 оқу жылдарына арналған мемлекеттік білім беру тапсырысы аясында жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға 303 грант қарастырылды, оның 188-і педагогикалық мамандықтарға арналған.
Сол сияқты педагог мамандарын даярлау жүйесін дамыту мақсатында Гуманитарлық колледж базасында Педагогикалық институт құрылды. Қазіргі уақытта институтта 4 611 студент білім алып жүр. Оқыту 36 білім беру бағдарламасы бойынша жүреді.
Жаңа оқу жылында тағы 12 білім беру ұйымын ашамыз. Соңғы жылдары 44 мектеп салдық. Соның арқасында қолданыстағы мектептерге түсетін салмақ айтарлықтай азайып, ондаған мың жаңа оқушы орны ашылды.
Сонымен қатар, қазірдің өзінде 2027 жылға арналған дайындық жұмыстары басталды: жобалау және қала құрылысы құжаттамалары әзірленуде. Бас жоспарға сәйкес, 2035 жылға дейін елордада 140-қа жуық жаңа мектеп салу жоспарланған», – деп жазды Жеңіс Қасымбек.