Алматыда POWEREXPO ALMATY & KAZATOMEXPO 2026 халықаралық көрмесі аясында Қазақстанның атом энергетикасын дамытуға арналған стратегиялық сессия өтті.

«Қазақстанның атом энергетикасы: халықаралық ынтымақтастық және оқшаулау» тақырыбындағы жиында атом саласының мамандары, ғылыми ұйымдар мен бизнес өкілдері бас қосты.

Кездесудің негізгі мақсаты – Қазақстандағы атом энергетикасының даму мүмкіндіктерін талқылау, халықаралық әріптестікті нығайту және отандық кәсіпорындардың болашақ жобаларға қатысу әлеуетін қарастыру.

Стратегиялық сессияға Қазақстанның атом өнеркәсібін дамыту қауымдастығының (AIDA) атқарушы директоры Жаннұр Азмағанбетова модераторлық етті.

Талқылауға «Ядролық физика институты» РМК бас директорының ғылыми жұмыс жөніндегі орынбасары Асхат Бекбаев, Қазақстанның ядролық қоғамы басқармасының төрағасы, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Ирина Тәжібаева және Қазақстандағы Assystem компаниясының бас директоры Эдгар Сибергер қатысты.

Сондай-ақ жиынға «КАЭС» ЖШС жергілікті қамтуды мониторингтеу орталығының басшысы Ержан Наурызбаев, Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығының реакторлық құрылғыларды әзірлеу және сынау бөлімінің бастығы Нұржан Мұхамедов, «МИФИ» Ұлттық ядролық зерттеу университеті Алматы филиалы басшысының міндетін атқарушы Нұржан Нұрахов және AIDA қауымдастығының оқшаулау және ғылыми-техникалық даму департаментінің директоры Жанайдар Тоқсаба қатысты.

Сессия барысында Қазақстанның атом энергетикасы саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамыту мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылды.

Қатысушылар атом жобаларын жүзеге асыру кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтау, инженерлік сүйемелдеуді қамтамасыз ету және заманауи технологияларды қолдану мәселелерін қарастырды.

Сонымен қатар елдің ғылыми-технологиялық әлеуетін нығайту, атом өнеркәсібіне қажетті білікті кадрларды даярлау және мамандардың кәсіби құзыреттерін дамыту бағыттары талқыланды.

Жиындағы маңызды тақырыптардың бірі – атом энергетикасы жобаларындағы жергілікті қамту үлесін арттыру болды.

Сарапшылар қазақстандық кәсіпорындарды болашақ өндірістік және жеткізу тізбектеріне тарту, отандық өндіріс мүмкіндіктерін пайдалану және халықаралық компаниялармен өнеркәсіптік ынтымақтастықты дамыту мәселелері жөнінде пікір алмасты.

Бұдан бөлек, ғылыми-зерттеу ұйымдарының атом энергетикасын дамытудағы рөліне және саланың технологиялық базасын қалыптастыру мүмкіндіктеріне назар аударылды.

POWEREXPO ALMATY & KAZATOMEXPO 2026 көрмесі аясында ұйымдастырылған стратегиялық сессия атом энергетикасы саласындағы ғылым, өндіріс және бизнес өкілдерінің өзара тәжірибе алмасуына мүмкіндік берді.

Талқылау Қазақстанда атом өнеркәсібін дамыту, халықаралық қауіпсіздік талаптарын сақтау, жергілікті қамтуды кеңейту және саланы білікті мамандармен қамтамасыз ету мәселелеріне арналды.