Алматы облысында «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында су айдындарын балыққа толтыру акциясы өтті.

Бүгін Іле өзеніне 150 мыңнан астам шабақ жіберілді.

Осылайша жыл басынан бері Іле өзені, Балқаш көлі мен Қапшағай су қоймасына жіберілген шабақ саны 600 мыңнан асты.

Қазан айының соңына дейін бұл көрсеткішті 4 млн-ға жеткізу жоспарланып отыр.

Акция барысында сенбілік те ұйымдастырылып, Іле өзенінің аумағы қоқыстан тазартылды.

Фото: Gov.kz

Шараға сала мамандары, мемлекеттік орган өкілдері, жастар мен еріктілер қатысты.

Алматы облысы әкімінің орынбасары Бақытнұр Бақытұлы акцияның экожүйені сақтаудағы маңызына тоқталды.

– «Таза Қазақстан» – бұл тек тазалық шарасы емес, табиғи байлығымызды сақтауға, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауға бағытталған жалпыұлттық бастама. Оның маңызды бағыттарының бірі – су экожүйесін сақтау және балық санын молайту.

Оның айтуынша, Алматы облысының әкімі Шыңғыс Сайранұлының тапсырмасына сәйкес өңірдегі су айдындарына балық жіберу жұмысы жүргізіліп жатыр.

– Бүгінгі өзенді балыққа толтыру экологиялық акциясы – аталған тапсырманы іске асыру аясындағы кезекті іс-шара.

Игі бастамаға «Жасыл ел» еңбек жасағының жастары да белсене үлес қосты.

Шараға қатысқан Диляра Қабдолинаның айтуынша, жасақшылар өзенге шабақ жіберу жұмысына алғаш рет қатысып, оның қоршаған орта үшін маңызын сезінді.

– Сонымен қатар өзен аумағында өткізілген сенбілікте жұмыла жұмыс істеді. Өңірде қыркүйек-қазан айларындағы мұндай акцияларға 1000-ға жуық жас жұмылдырылды.

Оның сөзінше, жастар облыстағы түрлі экологиялық және қоғамдық бастамаларға белсенді қатысып келеді.

Мәселен, «Киелі мекен» акциясы аясында ескерткіштер мен тарихи орындарды ретке келтірсе, «Таза өзен» және «Таза көл» жобалары бойынша жағалауларды тазартуға атсалысады.

Мамандардың айтуынша, суға жіберілген балықтардың шамамен 80 пайызы өсіп-жетіледі.

Жыл сайын өткізілетін мұндай шаралар балық қорын молайтуға елеулі үлес қосып келеді.

Бұл Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының зерттеу қорытындысымен де расталған.

Іле өзені аумағында ұйымдастырылған акция табиғат байлығын қорғауға бағытталған екі маңызды жұмысты біріктірді: су айдынын балыққа толтыру және жағалауды тазарту.

«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы жұмыстар алдағы уақытта да жоспарға сай жалғасады.