«Болашақ» – шетелде білім алуға берілетін мүмкіндік қана емес, мемлекет пен стипендиат арасындағы өзара сенім мен жауапкершілікке негізделген ұлттық жоба. Мемлекет азаматтың біліміне инвестиция салады, ал түлек жинаған тәжірибесін ел дамуына жұмсайды. Бағдарламаның шынайы құндылығы да осы қоғамдық қайтарыммен өлшенбек.

Жаннұр Аманкелдіқызы ИСИНА,
PhD, Бостон универсиетінің түлегі (АҚШ), «Болашақ» Қауымдастығы Кеңесінің мүшесі

Мемлекеттің байлығы жер қойнауындағы қазынасымен ғана анықталмайды. Оның ең құнды капиталы – терең білімді, еркін ойлайтын, кәсіби шешім қабылдай алатын және ел алдындағы жауапкершілігін сезінетін азаматтар. Табиғи ресурстар уақыт өте сарқылуы мүмкін, ал білім мен біліктілік қоғамның жаңа мүмкіндіктерін үздіксіз кеңейтіп отырады.

Осы тұрғыдан қарағанда, халықаралық «Болашақ» стипендиясы – Қазақстанның зияткерлік әлеуетін қалыптастыруға бағытталған стратегиялық мемлекеттік бастамалардың бірі. Бағдарлама мыңдаған азаматқа әлемнің озық университеттері мен ғылыми орталықтарында білім алуға жол ашты. Ең бастысы, сол білімнің елге оралып, мемлекеттік басқару, ғылым, білім, медицина, өндіріс және кәсіпкерлік салаларындағы нақты өзгерістерге қызмет етуіне негіз қалады.

2026 жылғы мамыр айындағы ресми мәлімет бойынша, «Болашақ» бағдарламасы аясында 13,2 мыңнан астам маман даярланған. Олардың 7695-і, яғни 57,9 пайызы магистратура бағдарламасын аяқтаған. Бакалавриатта 2608 адам білім алса, 2450 маман кәсіби тағылымдамадан өткен. Сонымен қатар докторантура, клиникалық ординатура, аспирантура, интернатура және басқа да бағдарламалар бойынша жоғары білікті кадрлар даярланды.

Бұл көрсеткіштер бағдарламаның уақыт өте келе кәсіби құзыреті қалыптасқан, белгілі бір салада тәжірибе жинақтаған мамандарды тереңдетіп даярлауға басымдық бергенін көрсетеді. Магистратура мен тағылымдаманың үлесі жоғары болуы – елге тек диплом иелері емес, нақты кәсіби міндеттерді шеше алатын мамандар қажет екенінің белгісі.

Бағдарлама түлектерінің 7230-ы гуманитарлық, 4814-і техникалық, 1002-сі медициналық, 244-і шығармашылық бағыттар бойынша білім алған. Бұл арақатынас «Болашақтың» еліміздің әлеуметтік-гуманитарлық дамуына елеулі үлес қосқанын аңғартады. Сонымен бірге қазіргі технологиялық өзгерістер техникалық, инженерлік, жаратылыстану және медициналық мамандықтарға деген сұранысты күшейтіп отыр. Демек, алдағы кезеңде жинақталған тәжірибені сақтай отырып, бағдарламаны экономиканың жаңа қажеттіліктеріне бейімдеу маңызды.

Стипендиаттар білім алған мемлекеттердің географиясы да ауқымды. Ұлыбритания мен Ирландияда 6042, АҚШ пен Канадада 3773, Еуропа елдерінде 1530 маман даярланған. Азия мен Океания мемлекеттерінде 1066, Ресейде 879 қазақстандық білім алған. Алайда бұл географияны мемлекеттер тізімі ретінде ғана қабылдауға болмайды. Әр елдің өзіндік академиялық ортасы, ғылыми мектебі, басқару дәстүрі мен кәсіби мәдениеті бар. Стипендиаттар сол тәжірибені игеру арқылы әлемдік білім кеңістігі мен Қазақстан арасындағы зияткерлік байланысты қалыптастырды. Сондықтан «Болашақтың» нәтижесі – шетелдік дипломдардың саны ғана емес, елге келген жаңа идеялар, зерттеу әдістері, кәсіби байланыстар мен басқару ұстанымдары.

Шетелде білім алу – адамның жеке жетістігі. Ал сол білімді қоғам игілігіне пайдалану – азаматтық жауапкершілік. «Болашақтың» мемлекеттік миссиясы осы екі ұғымды бір арнаға тоғыстырады.

​Бүгінде 10922 түлек еңбек өтеу жөніндегі шарттық міндеттемелерін толық орындаған. Тағы 2280 адам еңбек қызметі бойынша мониторингтен өтуде.

Бұл сандар мемлекеттік инвестицияның елге білікті кадрлық ресурс ретінде қайтып жатқанын көрсетеді. Дегенмен бағдарламаның тиімділігін түлектің жұмысқа орналасуымен ғана өлшеу жеткіліксіз. Ең маңызды мәселе – оның алған білімі өзі еңбек ететін мекеменің қызметіне, саланың дамуына және қоғам өмірінің сапасына қалай ықпал еткені.

Мониторингтегі жұмыспен қамтылған түлектердің 1135-і мемлекеттік және квазимемлекеттік секторларда қызмет етеді. Бұл – 50,6 пайыз. Олар мемлекеттік басқару жүйесінде, ұлттық компаниялар мен әлеуметтік маңызы бар ұйымдарда еңбек етіп жүр. Тағы 959 түлек немесе 42,7 пайыз жеке секторда жұмыс істейді. Бұл көрсеткіш «Болашақ» түлектерінің елге қосатын үлесі мемлекеттік қызметпен ғана шектелмейтінін байқатады. Бәсекеге қабілетті жеке компаниялар, заманауи өндіріс, кәсіпкерлік пен инновациялық орта да мемлекеттің дамуына қызмет етеді. Халықаралық және шетелдік ұйымдарда 124, қоғамдық бірлестіктерде 27 түлек еңбек етуде.

Түлектің мемлекетке қосқан үлесін оның жұмыс орнының атауымен ғана бағалау дұрыс емес. Мемлекеттік қызметші тиімді шешім ұсынса, ғалым жаңа зерттеу жүргізсе, дәрігер емдеу сапасын жақсартса, оқытушы білім беру мәдениетін өзгертсе, инженер өндірістік үдерісті жетілдірсе, кәсіпкер жаңа жұмыс орнын ашса – мұның бәрі елге қызмет етудің әртүрлі көрінісі.

Түлектердің білімі мен тәжірибесін ортақ мақсатқа жұмылдыруда «Болашақ» Қауымдастығының орны ерекше. 2026 жылы халықаралық стипендия түлектерін біріктіретін Қауымдастықтың құрылғанына 25 жыл толады. Ұйым 2001 жылы мамыр айында «Болашақ» стипендиясының алғашқы түлектерінің бастамасымен құрылды. Сол кезеңде шетелден білім алып оралған жас мамандардың алдында халықаралық тәжірибені Қазақстан жағдайына бейімдеу, кәсіби орта қалыптастыру және кейінгі буын стипендиаттарына қолдау көрсету міндеті тұрды. Осы қажеттілік түлектерді ортақ ұйымға біріктірді.

Өткен ширек ғасыр ішінде Қауымдастық жеке кәсіби жетістіктерді ортақ қоғамдық іске бағыттайтын алаңға айналды, бүгінде ол 2576 маманды біріктіріп, еліміздің өңірлерінде алты өкілдік арқылы қызмет етеді. Қауымдастық мүшелері білім беру, білім трансфері, сараптамалық әлеует, ұлттық мәдениет пен мемлекеттік тілді дамыту салаларында 150-ден астам әлеуметтік жобаны жүзеге асырды. Ұйым құрамында түрлі кәсіби бағыттарды қамтитын 20 бейінді клуб жұмыс істейді.

Қауымдастық қызметі түлектердің білімін қоғамға жеткізудің нақты тетігіне айналып келеді. «Біліміміз – елімізге» жобасы аясында түлектер жоғары оқу орындарында ашық дәрістер, шеберлік сабақтары мен кездесулер өткізеді. Он үш жыл ішінде еліміздің университеттерінде бағдарлама түлектерінің қатысуымен 700-ге жуық дәріс ұйымдастырылды.

Білім беру және кәсіптік бағдар беру бастамаларымен қатар, шалғай өңірлерге дәрігерлердің сапарларын ұйымдастыру, оқушыларға мамандық таңдауға көмектесу, жас кәсіпкерлер мен стартаптарды қолдау бағытындағы жобалар іске асырылып келеді.

Инклюзивті білім беруді дамытуға арналған әлеуметтік бастамалардың нәтижесінде еліміздің 26 қаласында 79 арнайы қолдау кабинеті ашылды.

​Бұл жұмыстар «Болашақ» түлегінің миссиясы еңбек міндеттемесін формалды түрде өтеумен аяқталмайтынын көрсетеді. Шетелде жинақталған тәжірибе бір маманның жеке кәсіби қорында қалып қоймауға тиіс. Бір адамның білімі ұжымның, мекеменің, кейін тұтас саланың дамуына ықпал еткенде ғана мемлекеттік инвестицияның ауқымы кеңейеді.

Қауымдастықтың 25 жылдығы – атқарылған істі қорытындылайтын мерейтой ғана емес, алдағы міндеттерді айқындайтын маңызды кезең. Ендігі жерде Қауымдастық түлектер арасындағы кәсіби байланысты нығайтумен қатар, мемлекетке қажетті сараптамалық ұсыныстар әзірлейтін, ғылым, білім, өндіріс пен басқару салаларын тоғыстыратын ұлттық зияткерлік алаңға айналуға тиіс.

«Болашақ» – мемлекеттің өз азаматына білдірген сенімі. Ал сол сенімнің өтеуі тек еңбек шартымен немесе міндетті жұмыс мерзімімен өлшенбейді. Оның ең жоғары өтеуі – кәсіби адалдық, елге қажетті бастама, қоғамға пайдалы еңбек және кейінгі буынға берілген білім.Бағдарлама аясында даярланған 13,2 мыңнан астам маман – Қазақстанның елеулі кадрлық қоры. Енді осы қордың білімін бір арнаға тоғыстырып, елдің ғылыми-технологиялық дамуына, сапалы мемлекеттік басқаруға, қуатты экономика мен әділетті қоғам қалыптастыруға бағыттау қажет.

«Болашақ» қауымдастығының 25 жылдық тарихы әлемде алынған білімнің қоғамдық күшке айнала алатынын көрсетті. Ендігі міндет – осы әлеуетті жаңа дәуірдің талаптарына сай тиімді пайдалану.