Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтай Төрағасы Айбек Дәдебайды қабылдады. Кездесу барысында Мемлекет басшысына заң шығару қызметінің нәтижелері, республикалық бюджеттің қабылдануы, парламенттік бақылауды күшейту және «Әділет» партиясының жұмысы туралы ақпарат берілді.

Айбек Дәдебайдың мәліметінше, Құрылтай депутаттары 18 заң қабылдаған. Қазіргі уақытта тағы 38 заң жобасы қаралып жатыр.

Заң шығару қызметінде Президенттің Құрылтайдың бірінші сессиясының ашылуында және Қазақстан халқына Жолдауында айқындаған міндеттерін іске асыруға басымдық берілуде.

Атап айтқанда, жаңа Азаматтық кодекс әзірленіп жатыр. Сонымен қатар балалардың құқықтарын қорғау, педагогтер мен медицина қызметкерлерін қолдау және басқа да әлеуметтік маңызды мәселелер бойынша заңнамалық бастамалар пысықталуда.

Кездесуде 2027–2029 жылдарға арналған республикалық бюджеттің қабылданғаны да айтылды.

Депутаттардың бастамасымен өңірлердегі 52 инфрақұрылымдық жобаны жүзеге асыру үшін қосымша 47 миллиард теңге қарастырылған.

Бұл қаражат жылу, электр, газ және сумен жабдықтау жүйелерін жаңғыртуға, сондай-ақ әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға бағытталады.

Құрылтай Төрағасы қабылданған заңдардың орындалуына парламенттік бақылауды күшейту бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы да баяндады.

Атап айтқанда, заңдардың тәжірибеде қолданылу тиімділігін және қабылданған шешімдердің нәтижесін бағалауға арналған заңнамалық мониторинг жүргізу қағидалары бекітілген.

Сонымен қатар заң шығару процесіне цифрлық технологияларды енгізу жалғасып жатыр. e-Quryltai жүйесі мен жасанды интеллект технологиялары заң жобаларын талдау, құқықтық қайшылықтарды және ықтимал тәуекелдерді анықтау үшін қолданылмақ.

Кездесуде азаматтармен кері байланысты нығайту мәселелеріне де назар аударылды.

Құрылтайдың қоғамдық қабылдауы мен e-Otinish жүйесі арқылы келіп түсетін өтініштерді заңнамалық бастамаларды әзірлеу барысында ескеру көзделген.

Айбек Дәдебайдың айтуынша, сессия басталғалы депутаттар өзекті әлеуметтік-экономикалық мәселелер бойынша 111 депутаттық сауал жолдаған.

Бұдан бөлек, Құрылтайдың сарапшылармен, қоғамдық ұйымдармен, өңірлердегі және халықаралық серіктестермен байланысы кеңейіп келеді.

Мәслихаттармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңес құрылып, БҰҰ Балалар қорымен (ЮНИСЕФ) балалардың құқықтарын қорғау бағытында ынтымақтастық орнатылған.

Сондай-ақ Женевада өткен Парламентаралық одақ алаңында жасанды интеллект технологияларына негізделген AI-Quryltai парламенттік платформасы таныстырылды.

Президентке «Әділет» партиясының қызметі туралы да ақпарат берілді.

Партия Үкіметпен бірлесіп, 2026–2031 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламаны іске асыру жөніндегі жол картасының жобасын әзірлеген. Құжат 303 іс-шараны қамтиды.

Олардың орындалуын бақылау мақсатында цифрлық мониторинг құралдары енгізіліп жатыр.

Ұсынылған мәліметке сәйкес, партияның қоғамдық қабылдауына 14 мыңнан астам өтініш түскен. Оның 8,3 мыңнан астамы оң шешімін тапқан.

Партиялық бақылау аясында 300-ге жуық әлеуметтік инфрақұрылым нысаны тексерілген. Анықталған кемшіліктердің шамамен 80 пайызы жойылғаны хабарланды.

Сонымен қатар «Қарызсыз қоғам» жобасы шеңберінде 12 мыңнан астам азаматқа көмек көрсетілген.

Партия сайлаушылардың ұсыныстары мен тапсырмалардың орындалуын бақылауға арналған «Әділет.365» цифрлық жүйесін де іске қосқан.

Кездесу соңында Құрылтайдың заң шығару қызметі мен партия жұмысының алдағы басымдықтары талқыланды.

Президент тапсырмаларын заңнамалық тұрғыдан жүзеге асыру, сайлауалды міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ету және азаматтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған шешімдер қабылдау мәселелеріне ерекше назар аударылды.