Жастар театрында «JUST ЖҰБАЙЛАР» романтикалық комедиясының премьерасы өтеді
Астана қаласы әкімдігінің «Жастар театры» көрерменге жаңа қойылым ұсынады.
Театр сахнасында Мұхамедқали Хасеновтың «JUST ЖҰБАЙЛАР» романтикалық комедиясының премьерасы 10-11 қазан күндері сағат 19:00-де өтеді.
Қойылымның қоюшы режиссері – Мәдениет саласының үздігі Нұрфат Вахитов.
«JUST ЖҰБАЙЛАР» – бір ғана жұмбақ хабарламадан басталатын күдік пен қызғанышты күлкі арқылы өрбітетін романтикалық комедия.
Спектакль адам арасындағы сенімнің нәзік табиғатын ашуға бағытталған.
Болмашы хабардың өзі ерлі-зайыптылар арасындағы тыныштықты бұзып, күмәнді ойға жетелейді. Ал сол күмән біртіндеп күлкілі «тергеуге» айналады.
Осылайша күнделікті өмірдегі елеусіз көрінетін бір сәт адам жанындағы сенімсіздік пен түсініспеушіліктің тамырын аңғартады.
Жеңіл юморға құрылған қойылымның астарында салмақты сауал бар: жақын адамды қаншалықты тыңдаймыз және оған қаншалықты сенеміз?
Цифрлық дәуірде хабарламалар көбейген сайын, шынайы әңгіменің қадірі арта түседі.
Спектакль махаббаттың баянды болуы үшін сезіммен қатар сенім, ашықтық және өзара түсіністік қажет екенін еске салады.
Жастар театрының жаңа премьерасы көрерменге ерлі-зайыптылар қарым-қатынасындағы нәзік иірімдерді әзіл мен ойлы драматургия арқылы ұсынбақ.