ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Құрылтай сайлауының алдында журналистер мен блогерлердің құқықтары және онымен байланысты мәселелер бойынша ойымен бөлісті.

Министрдің айтуынша, сайлау кезеңінде бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мен блогерлер сайлау процесін кеңінен жариялауға толық құқылы.

«Журналистер мен блогерлер сайлау науқанын, дауыс беру барысын және сайлау учаскелеріндегі жағдайды еркін жариялай алады. Бұл – ашықтық пен жариялылықтың маңызды кепілі», – деді Аида Балаева.

Сонымен қатар ол сайлау учаскелерінде жұмыс істеу тәртібіне де тоқталды.

Аида Балаеваның айтуынша, журналистер сайлау учаскелерінде тіркеуден өткен соң, дауыс беру барысын, оның ішінде дауыстарды санау процесін бақылап, түсіріп, жариялай алады. Алайда бұл ретте сайлаушылардың құпиялылық құқығы мен дауыс беру рәсіміне кедергі келтірмеу талабы сақталуы тиіс.

Министр блогерлердің де ақпарат таратудағы рөлі артып келе жатқанын атап өтті.

«Бүгінде блогерлер де қоғамдық пікір қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Сондықтан олардың да сайлау процесін жариялауға, өз пікірін білдіруге құқығы бар. Бірақ таратылатын ақпараттың дәйектілігі мен объективтілігі маңызды», – деді Аида Балаева.

Сонымен қатар ол сайлау кезеңінде жалған ақпарат пен провокациялық материалдардың таралу қаупіне назар аударды. Министрдің айтуынша, мұндай жағдайлардың алдын алу үшін ақпарат тұтынушылар да, оны таратушылар да жауапкершілікпен қарауы қажет.

«Сөз бостандығы – біздің басты құндылығымыз. Алайда бұл бостандық жауапкершілікпен ұштасуы керек. Жалған ақпарат тарату, азаматтарды жаңылыстыру немесе қоғамда алауыздық тудыру заң аясында жауапкершілікке әкеледі», – деді ол.

Аида Балаева сайлау кезеңінде мемлекеттік органдар бұқаралық ақпарат құралдарымен және блог-платформалармен ашық жұмыс істейтінін атап өтті.