Ұлдана Мырзуан ісі: бұрынғы күйеуі соттан жауаптылардың әрекетіне баға беруді сұрады
Астанада фельдшер Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты іс бойынша оның бұрынғы күйеуі Әділет Зейнел сотта сөз сөйледі.
Сот жарыссөзі кезінде ол нақты біреуді айыптамайтынын, алайда ғимараттың құрылысы мен оның қауіпсіздігін бақылауға жауапты болған барлық тұлғаның әрекетіне сот баға бергенін қалайтынын айтты.
Әділет Зейнелдің сөзінше, қандай үкім шықса да, қаза болған әйелді қайтару мүмкін емес. Дегенмен сот шешімі тұрғын үйлерді салатын және пайдалануға қабылдайтын адамдар үшін ескерту болуы керек.
– Біз ешкімді айыптап отырған жоқпыз. Біз шындықтың болғанын қалаймыз. Барлығын сіздердің шешімдеріңізге қалдырамыз және дұрыс шешім қабылдайсыздар деп ойлаймыз.
Еске салайық, қайғылы оқиға былтыр 8 қарашада болған.
Тоғыз қабатты үйдің қасбетіндегі кірпіш қаптама мен кондиционер құлап кеткен. Сол сәтте жедел жәрдем фельдшері үйінді астында қалған адамды алып шығуға әрекет жасаған.
Алайда кондиционер оның басына құлаған. Кейін қыздың бас сүйегіне трепанация операциясы жасалды. Бірақ ол алған жарақатынан қайтыс болды.