Қазақстан Халық Кеңесінің бірінші сессиясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық сана-сезімді қалыптастыру және тарихи жадыны жаңғырту маңызды міндет екенін айтты.

Президенттің сөзінше, бұл бағытта көптеген жұмыс атқарылып жатыр. Соның ішінде төл мәдениеттің өрісін кеңейтуге, ұлт руханиятына өшпес із қалдырған дара тұлғалардың мұрасын дәріптеуге айрықша назар аударылып отыр.

– Тағы бір маңызды міндет — ұлттық сана-сезімді қалыптастыру және тарихи жадымызды жаңғырту. Бұл бағытта көптеген жұмыс атқарылып жатыр. Мен де бұған дейін осы өзекті тақырыпқа байланысты біраз ойымды айттым. Біз төл мәдениетіміздің өрісін кеңейтіп, ұлт руханиятына өшпес із қалдырған дара тұлғалардың мұрасын дәріптеуге айрықша назар аударып отырмыз. Жұртымыздың жылнамасын түгендеп, Ұлы дала тарихын және Алтын Орда дәуірін терең зерттеп жатырмыз.

Мемлекет басшысы биыл 22 жылға созылған үзілістен кейін Қазақстанның бірқатар киелі нысаны ЮНЕСКО мұралар тізіміне енгізілгенін атап өтті.

Президенттің айтуынша, бұл тізімге Маңғыстау облысындағы бірегей нысандар да енген.

Сонымен қатар Жаркент мешіті мен Вознесенск шіркеуі сияқты екі бірегей ескерткіштің ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізбесіне алдын ала енгізілуі маңызды қадам ретінде аталды.

– Бұл тізімге Маңғыстау облысындағы бірегей нысандар да енді. Жаркент мешіті мен Вознесенск шіркеуі секілді екі бірегей ескерткіштің ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізбесіне алдын ала енгізілуі тағы бір маңызды қадам болды.

Қасым-Жомарт Тоқаев бұл сәулет ескерткіштері Қазақстанның мәдени әралуандығын көрсететінін айтты.

Мемлекет басшысының сөзінше, аталған нысандар елімізде өмір сүріп жатқан барлық этностың тарихы мен рухани мұрасына ұқыпты әрі құрметпен қараудың айғағы саналады.

– Сәулет өнерінің осынау жауһарлары — Қазақстанның мәдени әралуандығын паш етеді, сондай-ақ елімізде ғұмыр кешіп жатқан барлық этностың тарихына және рухани мұрасына ұқыпты әрі құрметпен қарайтынымызды айғақтайды.