Тоқаев Қауіпсіздік Кеңесі Аппаратына ұлттық мүддені қорғау бойынша міндеттер жүктеді
Фото: akorda.kz
Президент, Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіздік Кеңесі Аппаратының алғашқы кеңесін өткізді.
Мемлекет басшысы дербес мемлекеттік орган ретінде құрылған Аппараттың жаңа мәртебесін мемлекеттік институттарды реформалау үдерісімен сабақтастыра қарастыру қажет екенін атап өтті.
Президенттің айтуынша, әлемдік ахуал жедел өзгеріп жатқан кезеңде Қауіпсіздік Кеңесі аса маңызды мәселелер бойынша нақты әрі жан-жақты сараланған шешімдер қабылдайтын орталыққа айналуға тиіс.
Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі сын-қатерлердің сипаты едәуір өзгергеніне назар аударды.
Осыған байланысты киберқауіпсіздікті қамтамасыз етуге және жасанды интеллектіні қолдану мәселесіне баса мән берілді.
Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы алдағы уақытта өзектілігі арта түсетін ақпарат, технология, азық-түлік, су және энергетика қауіпсіздігі мәселелеріне ерекше тоқталды.
Мемлекет басшысы аталған салалардағы негізгі басымдықтарды белгілеп, «Заң мен тәртіп» қағидатын басты бағдар ретінде атады.
Кеңес қорытындысы бойынша Қауіпсіздік Кеңесі Аппаратына бірқатар нақты міндет жүктелді.
Қазақстанның ұлттық мүддесін, егемендігі мен тұрақтылығын қорғау Қауіпсіздік Кеңесі жұмысының тиімділігін айқындайтын басты өлшем болуға тиіс екені айтылды.