Астанада Қазақстанның 15 өңірі мен әлемнің 13 елінен келген туризм саласы өкілдерінің басын қосқан Kazakhstan Travel Forum САЯХАТ 2026 өтіп жатыр.

Үш күнге жоспарланған халықаралық форумның алғашқы күні шетелдік және отандық мамандарды елорданың туристік әлеуетімен және инфрақұрылымымен таныстыруға арналды.

Қатысушылар Астананың туристік нысандарын, көлік жүйесін және қонақүй инфрақұрылымын аралап көрді. Ал негізгі іскерлік бағдарламада туризм индустриясының өзекті мәселелері талқыланып, B2B кездесулер мен панельдік сессиялар өтеді.

Форум қонақтары үшін қала бойынша екі экскурсиялық автобуста шолу экскурсиясы ұйымдастырылды. Бағыт Wyndham Garden Astana қонақүйінен басталып, «Хан Шатыр», «Бәйтерек» монументі, Тәуелсіздік алаңы, Бейбітшілік және келісім сарайы, Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі, Астана қаласының Бас мешіті және Қазақстан теміржолдары музейін қамтыды.

Фото: Gov.kz

Фото: Gov.kz

Фото: Gov.kz

Фото: Gov.kz

Бағдарлама барысында қонақтар TARLAN ASTANA-мен де жүріп, елорданың жаңа қоғамдық көлік түрімен және көлік инфрақұрылымымен танысты.

Сонымен қатар Астана қонақүйлері бойынша инфотур өтті. Қатысушылар Ibis, Rixos President Astana, The St. Regis Astana, Astana Resort және Wyndham Garden Astana қонақүйлеріне барып, олардың нөмірлік қорын, қызмет көрсету деңгейін және туристер мен делегацияларды қабылдау мүмкіндіктерін көрді.

Фото: Gov.kz

Фото: Gov.kz

«Astana Tourism» туризмді дамыту орталығы» ЖШС Инфрақұрылым және іс-шараларды қолдау департаментінің директоры Саят Оразтай форумның алғашқы күні елорданың туристік мүмкіндіктерін көрсетуге бағытталғанын айтты.

– Форумға Қазақстанның әр өңірінен және шетелден туризм саласының өкілдері келіп отыр. Сондықтан алғашқы күнді елорданың туристік нысандарын, көлік жүйесін және қонақүй инфрақұрылымын таныстыруға арнадық. Қатысушылар қаланы аралап, негізгі нысандарды көріп, TARLAN ASTANA арқылы жүріп, қонақүйлердің мүмкіндіктерімен танысты. Бұл Астананың туристік бағыт ретіндегі әлеуетін көрсетуге мүмкіндік береді.

Форумға Қазақстанның ірі туроператорлары мен турагенттіктері, Ресей, Беларусь, Қырғызстан және Өзбекстаннан келген туристік компаниялар, әуе компаниялары, ұлттық туристік ведомстволар, халықаралық қонақүй өкілдері, қауымдастықтар мен DMC агенттіктері қатысып жатыр.

Kazakhstan Travel Forum САЯХАТ 2026 бағдарламасы 19 қыркүйекте де жалғасады.

Форумның үшінші күні Орталық қалалық саябақта қалалық жүгіру, туризм фестивалі, спорттық бағдарлау, балаларға арналған шаралар, гастрономиялық фестиваль және қала бойынша гастротур ұйымдастырылады.