Астанадағы №82 «Дарын» мамандандырылған мектебінде оқушылардың зерттеушілік қабілетін дамытуға бағытталған Ғылыми кеңес құрылды.

Жаңа кеңестің негізгі мақсаты – мектепте тұрақты ғылыми-зерттеу ортасын қалыптастыру, педагогтер мен оқушылардың ғылыми әлеуетін арттыру және сапалы ғылыми жобаларды республикалық әрі халықаралық деңгейге шығаруға жағдай жасау.

Ғылыми кеңес құрамына мектеп басшылығы, ғылыми хатшы, жоғары оқу орындарының профессорлары мен доценттері, PhD докторлары, ғылыми-зерттеу ұйымдарының мамандары, тәуелсіз сарапшылар, педагог-шеберлер және пәндік бағыттар бойынша тәжірибелі педагогтер енді.

Кеңес төрайымы болып мектеп басшысы Нүсіпжан Жеңіскүл тағайындалды.

Ғылыми кеңестің алғашқы отырысында оның құрамы бекітіліп, негізгі жұмыс бағыттары айқындалды. Сондай-ақ кеңестің тұжырымдамасы талқыланып, алдағы кезеңге арналған жұмыс жоспары бекітілді.

Жаңа құрылым оқушылардың ғылыми жобаларын сапалы әзірлеуіне, зерттеу дағдыларын қалыптастыруына және ғылыми ізденістерін одан әрі дамытуына әдістемелік қолдау көрсетуге бағытталған.

Сонымен қатар педагогтерге ғылыми-зерттеу жұмыстарын жетілдіруге, тәжірибелі ғалымдар мен сарапшылардан кәсіби қолдау алуға мүмкіндік беріледі.