Тоқаев Төтенше жағдайлар министрі Мұрат Мұхановты қабылдады
Фото: akorda.kz
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Төтенше жағдайлар министрі Мұрат Мұхановты қабылдады.
Кездесу барысында Президент Төтенше жағдайлар министрлігі қызметіндегі басым бағыттарды айқындап, ведомствоға бірқатар нақты міндет жүктеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев маусымдық төтенше жағдайларға дайындықты пысықтауды, аудандық және ауылдық бөлімшелерді одан әрі дамытуды, сондай-ақ олардың техникалық жарақтандыру деңгейін арттыруды тапсырды.
Кездесуде өрт, өнеркәсіп және сейсмологиялық қауіпсіздік мәселелеріне ерекше назар аударылды. Сонымен қатар халықты хабардар ету жүйесін жетілдіру, қатерлерді болжау мен ерте анықтау үшін цифрлық шешімдер мен жасанды интеллектіні енгізу қажеттігі айтылды.
Мемлекет басшысы ведомствоның кадрлық әлеуетін нығайтып, құтқарушылардың кәсіби даярлығын күшейтуді тапсырды.