Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада Дүниежүзілік кеден ұйымының Бас хатшысы Иэн Сондерспен кездесті.

Кездесу барысында Президент еліміздегі кеден заңнамасын жетілдіру және кедендік әкімшілендіру тиімділігін арттыру бағытында Дүниежүзілік кеден ұйымымен ынтымақтастықтың маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

Фото: akorda.kz

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Еуразиядағы көлік байланыстарын нығайтуға және жүк тасымалына қолайлы жағдай жасауға ерекше мән беріп отырғанын айтты. Сондай-ақ Мемлекет басшысы елімізде «ақылды шекара» моделі дәйекті түрде дамытылып, кеден рәсімдерін оңтайландыру үшін цифрлық шешімдер кеңінен қолданылып жатқанын жеткізді.

Өз кезегінде Иэн Сондерс Дүниежүзілік кеден ұйымы мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынастың қарқынына жоғары баға берді. Ол Қазақстанның кедендік әкімшілендіруді жетілдіруде, заманауи цифрлық шешімдерді енгізуде және тиісті органдардың институционалдық әлеуетін нығайтуда елеулі табысқа жеткенін атап өтті.

Фото: akorda.kz

Президент пен Дүниежүзілік кеден ұйымының Бас хатшысы 30 жылдан астам уақыт бойы табысты дамып келе жатқан өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға дайын екенін растады.

Сонымен қатар тараптар әлемдік саудадағы қазіргі сын-қатерлер мен үрдістер туралы пікір алмасты. Кездесуде сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту және Орталық Азия өңірінің көлік-логистика әлеуетін арттыру перспективаларына ерекше назар аударылды.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев серіктестік пен достық байланыстарды нығайтуға қосқан үлесі үшін Дүниежүзілік кеден ұйымының Бас хатшысы Иэн Сондерсті II дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.

Фото: akorda.kz