Тоқаев Қазақстанның халық жазушысы Валерий Михайловты мерейтойымен құттықтады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ақын, журналист, Қазақстанның халық жазушысы Валерий Михайловқа құттықтау жеделхатын жолдады.
Президент Валерий Михайловты 80 жылдық мерейтойымен құттықтап, оның әдебиет пен журналистика саласындағы еңбегіне жоғары баға берді.
Жеделхатта Қасым-Жомарт Тоқаев қаламгердің табиғи таланты мен еңбекқорлығының арқасында шығармашылық жолында елеулі табысқа жеткенін атап өтті. Сондай-ақ Валерий Михайловтың ұзақ жылдар бойы еліміздің беделді басылымдарында еңбек етіп, «Казахстанская правда» газеті мен «Простор» журналын басқарғаны айтылды.
– Табиғи талантыңыз бен еңбекқорлығыңыздың арқасында шығармашылық жолыңызда ерен табысқа қол жеткіздіңіз. Ұзақ жылдар бойы еліміздің беделді басылымдарында жемісті еңбек етіп, «Казахстанская правда» газеті мен «Простор» журналын басқардыңыз. Адамгершілігі мол әрі өмірлік ұстанымдарынан айнымаған тұлға ретінде қаламгерлер арасында және қоғамда үлкен құрметке бөлендіңіз.
Мемлекет басшысы Валерий Михайловтың бірнеше буын оқырман қызыға оқитын шығармалары төл әдеби қазынамыздың бір бөлшегі ретінде лайықты бағасын алғанына назар аударды.