Астана қалалық Жастар театры мерейтойлық ХХ театр маусымын «Шыңғысхан» қойылымымен ашады.

Театр тарихында айрықша орны бар бұл спектакль – өнер ордасының сахналық шежіресін бастаған алғашқы қойылымдардың бірі. Көрерменге алғаш ұсынылған күннен бастап көпшіліктің ықыласына бөленген «Шыңғысхан» араға жылдар салып, жаңа маусымның салтанатты ашылуына қайта оралмақ.

Қойылым 9 қыркүйек күні сахналанады. Спектакль Шыңғыс Айтматов пен Әбіш Кекілбаевтың шығармалары негізінде ұсынылады.

Қойылым режиссері – Қазақстанның халық әртісі Нұрқанат Жақыпбай. Инсценировка авторы – Қырғыз Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Жаныш Құлмамбетов.

«Шыңғысхан» қойылымы Моңғолдың ұлы әміршісі Шыңғысханның тылсымға толы тағдырын арқау етеді. Спектакль жарты әлемді бағындырған қаһарлы билеушінің өмірі, билік пен тағдыр, адам болмысы және ажал алдындағы дәрменсіздік сияқты күрделі сауалдарға жауап іздейді.

Жастар театры үшін бұл қойылымның маңызы ерекше. Ол тек жаңа маусымның ашылуы ғана емес, театрдың жиырма жылдық шығармашылық жолына тағзым жасап, алғашқы қадамға қайта оралу әрі жаңа белеске бет алу сәті ретінде ұсынылып отыр.