Қазақстанда фармацевтика өндірісі үш жылда 37%-ға өсті
Қазір елімізде 200-ден астам фармацевтикалық және медициналық өнім өндіруші жұмыс істейді.
Қазақстанда денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту аясында отандық дәрі-дәрмек өндірісі ұлғайып келеді. Бұл жұмыс Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында берген тапсырмалары аясында жүргізілуде. Президент отандық дәрілік заттардың көлемі мен ассортиментін арттыруды тапсырған.
Соңғы үш жылда қазақстандық фармацевтикалық кәсіпорындардың өндіріс көлемі 37%-ға өсіп, 191 млрд теңгеге жетті. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар өндірісі 126,6 млрд теңгені құрап, бір жылда 30%-ға артты.
Қазір елімізде 209 фармацевтикалық және медициналық өнім өндіруші, оның ішінде 43 дәрі-дәрмек шығаратын кәсіпорын жұмыс істейді. Отандық өнімнің үлесі заттай есептегенде 40,3%-ға жетті.
Фармацевтика саласында сегіз ірі жоба жүзеге асырылуда, олардың жалпы құны – 391,3 млрд теңге. Жобалар аясында 1 200-ге жуық тұрақты жұмыс орны ашылып, Қазақстанда 494-тен астам дәрілік зат шығару жоспарланған. Олардың қатарында онкологиялық, жүрек-қан тамырлары, аутоиммунды, орфандық және инфекциялық аурулар мен қант диабетін емдеуге арналған препараттар бар.
Осылайша, отандық фармацевтиканы дамыту дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің тұрақтылығын күшейтуге бағытталған.