Қазақстанда денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту аясында өңірлердегі медициналық инфрақұрылым кеңейіп, кадр тапшылығын азайту және медициналық қызметтерді цифрландыру бағытында бірқатар шара жүзеге асырылуда. Бұл жұмыс Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмалары аясында жүргізілуде.

Медицина қызметкерлерін өңірлерге тарту және әлеуметтік қолдау шаралары күшейтілді. Әлеуметтік қолдауға ие болған дәрігерлер саны 2024 жылғы 796-дан 2025 жылы 1 760 адамға дейін өсті. Ауылға баратын тапшы мамандық иелеріне берілетін біржолғы төлем 8,5 млн теңгеге дейін ұлғайтылды, 2025 жылы мұндай қолдауды 529 дәрігер алды. Нәтижесінде 2023 жылмен салыстырғанда елдегі дәрігер тапшылығы 20%-ға, ал ауылдарда 30%-ға қысқарды.

2019 жылдан бері Қазақстанда 1 263 денсаулық сақтау нысаны салынды. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында жоспарланған 655 алғашқы медициналық-санитариялық көмек нысанының құрылысы толық аяқталды. Нәтижесінде 1 миллионнан астам ауыл тұрғыны медициналық көмекті тұрғылықты жерінде алу мүмкіндігіне ие болды. Сонымен бірге 32 аудандық аурухана көпбейінді орталық аудандық аурухана деңгейіне дейін жаңғыртылып жатыр, оның 12-сінде жұмыс аяқталған.

Медициналық қызметтерді цифрландыру да айтарлықтай нәтиже берді. 2025 жылы Қазақстанда көрсетілген 215 миллионнан астам медициналық қызметтің 190,8 миллионы немесе 88,6%-ы электрондық форматта ұсынылды, дәрігерге онлайн жазылу қызметін 5,6 млн адам пайдаланды. Face ID технологиясының көмегімен медициналық көмекті негізсіз тұтыну 7,5%-ға қысқарып, шамамен 10,6 млрд теңге үнемделді. Жалпы 2024–2025 жылдары денсаулық сақтау саласына енгізілген цифрлық шешімдердің экономикалық әсері 40 млрд теңгеден асты.

Жаңғырту нәтижесінде 2025 жылы Қазақстандағы күтілетін өмір сүру ұзақтығы 75,97 жасқа жетіп, тәуелсіздік жылдарындағы ең жоғары деңгей тіркелді. Нәресте өлімі 15%-ға төмендеп, тірі туған әр мың балаға шаққанда 5,85 жағдайды құрады. Халықаралық бағалау бойынша Қазақстан Орталық Азияда күтілетін өмір сүру ұзақтығы жөнінен бірінші орында тұр.