Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірінші Құрылтайдың бірінші сессиясында елдегі экономикалық реформаларға тоқталды. Президент экономикада іргелі реформалар қолға алынып, азаматтардың әл-ауқатын арттыру басты міндет ретінде белгіленгенін атап өтті.

«Индустрияландыру қарқын алып, экономиканың жаңа өндірістік негізі айқындалып келеді. Мемлекет және шетелдік инвесторлар құйған қомақты қаржының нәтижесінде барлық өңірде жаңа өндіріс нысандары мен мыңдаған жұмыс орны ашылып жатыр», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Оның айтуынша, Қазақстанда халық тұрмысы мен экономикалық өсім үшін аса қажетті коммуналдық, көлік, энергетика және су инфрақұрылымын жаңғырту үдерісі басталды. Президент елдің бірте-бірте алып құрылыс алаңына айналып келе жатқанын, мұндай ауқымды жобаларға қомақты инвестиция қажет екенін жеткізді.

Мемлекет басшысы әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан ұзақмерзімді пайдасы бар стратегиялық жобаларды қаржыландыру, соның ішінде Ұлттық қордан қаржы бөлу жоспарланғанын атап өтті. Ол қаражаттың мақсатсыз жұмсалады деген қауесеттің негізсіз екенін айтты.

«Кез келген қордың, әсіресе, Ұлттық қордың тиімділігі, ең алдымен, келер ұрпақтың игілігі жолындағы зор табысқа, нақты нәтижеге қол жеткізумен өлшенеді», – деді Президент.

Оның айтуынша, «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы аясында балалардың есепшотына қомақты қаражат аударылып жатыр, ал келешекте өскелең ұрпаққа қызмет ететін заманауи инфрақұрылымды дамыту қажет.

Президент еліміздің ғылымды, озық цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні дамытуға ден қойып, инновациялық өркендеу жолына бағыт алғанын жеткізді. Мемлекет басшысы Қазақстан әлеуметтік мемлекет ретінде білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт және креативті индустрия саласын дамытуға айрықша мән беретінін атап өтті.