Астанада тұрғындар мен қала қонақтары үшін заманауи, жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталған ауқымды жұмыс жалғасып жатыр. Биыл елорданың барлық алты ауданында 173 нысанды абаттандыру жоспарланған. Олардың қатарында саябақтар, гүлзарлар, желекжолдар, аулалар, жағалаулар мен жаяу жүргіншілер аймақтары бар. Нысандардың басым бөлігі қазірдің өзінде қала тұрғындарының игілігіне берілді. 

Жобаларды іске асыру барысында көгалдандыруға, жаяу жүргіншілер инфрақұрылымын дамытуға, отбасымен демалуға және спортпен шұғылдануға арналған орындар ашуға айрықша мән беріліп отыр.

Астанада «Мыңжылдық» аллеясын абаттандыру жұмысы жалғасуда. Жаңарған кеңістіктің жаңа нысандарының бірі – жеңіл тұман әсерін тудыратын ерекше «Шоқжұлдыз» субұрқағы. Қазір субұрқақ сынақ режимінде іске қосылды, мамандар нысанның инженерлік жүйелері мен жұмыс режимдерін тексеріп, ретке келтіріп жатыр. «Шоқжұлдыз» субұрқағын толық іске қосу тамыз айының соңына дейін жоспарланған.

Аллеядағы жұмыс бірден екі аумақта жүргізілуде. Оның бірі – Қ. Қуанышбаев атындағы драма театрының жанындағы гүлзар, екіншісі – «Нұрлы жол» вокзалы маңындағы саябақ орналасқан аумақ. Қазір театрдың артында шамамен 1,4 гектар жерді алып жатқан жаңа қоғамдық кеңістік құрылуда. Мұнда серуендеуге арналған аймақ, велосипед және жүгіру жолдары, балалар алаңы, демалыс орындары мен қосымша жасыл желек аймақтары пайда болады. Аллея бойына ұсақ жапырақты жөке ағаштары отырғызылады.

Қала тұрғындарына жақсы таныс базар мен «Астаналық» («Артем») сауда үйі маңында да елеулі өзгеріс болды. Ескірген нысандар сүрілгеннен кейін олардың орнына толық абаттандырылған аумақ жасалды: ағаштар мен көпжылдық өсімдіктер отырғызылып, серуендеуге арналған жолдар мен демалыс орындары жабдықталды.

Қалалық ортаның өзгеруіне «Самал» саябағы да ерекше мысал бола алады. Әл-Фараби даңғылы, Керей және Жәнібек хандар мен Бұқар жырау көшелері аумағында заманауи тұрғын үй кварталы қалыптасып келеді, оның орталығында жаңадан ашылған екі қоғамдық кеңістік біртұтас саябақтар кешеніне біріктірілді. «Самал» саябағында серуендеу жолдары, демалыс орындары, заманауи ойын алаңдары, тоған, көпірлер мен көрініс тамашалайтын алаңдар қарастырылған.

Қалада бұған қоса бірқатар ірі жоба жүзеге асырылуда. Б. Момышұлы даңғылы мен Қ. Сәтбаев көшесі аралығында жаңа абаттандырылған гүлзар бой көтерді. Оның басты ерекшелігі – балалардың белсенді демалысына арналған бірегей «Айдаһар» ойын кешені. Ақбұлақ пен Есіл өзендері бойындағы жалпы ұзындығы шамамен 2,5 шақырым аумақты абаттандыру жоспарланған: жоба аясында жаяу жүргіншілер көпірі, қауіпсіз бағыттар және жайлы қоғамдық кеңістік құрылады.

Б. Момышұлы даңғылының Қ. Сәтбаев көшесінен Тәуелсіздік даңғылына дейінгі бөлігінде де кешенді жаңғырту жүргізілуде. Жобаның негізгі элементтерінің бірі – «жасыл дәліз»: даңғыл бойына түрлі тұқымды 915 ағаш отырғызылып, автоматты суару жүйесі орнатылады. Сонымен қатар велосипед жолы, кеңейтілген тротуарлар мен заманауи серуендеу жолы қарастырылған.

Р. Қошқарбаев даңғылының Қ. Аманжолов көшесінен Қордай және С. Нұрмағамбетов көшелеріне дейінгі бөлігінде де абаттандыру жүріп жатыр. Мұнда даңғылға шығатын жаңа жол жасалуда, бұл учаскедегі көлік ағынын азайтып, жолдың өткізу қабілетін арттырады.

Омаров көшесінен Төле би көшесіне дейінгі аумақта GreenLine желілік саябағының екінші кезеңі жүзеге асырылуда. Мұнда серуендеу бағыттары, демалыс орындары, спорт инфрақұрылымы және ауқымды көгалдандыру қарастырылған. Кіші Талдыкөл аумағында экосаябақ құру жұмысы жалғасуда: қазір су түбін тереңдету жүргізіліп, жағалауы бекітіліп, тиісті аумақтар дайындалуда.

Елордадағы өзге де маңызды орындарда абаттандыру жүріп жатыр. Мәңгілік Ел даңғылын жаңғыртудың екінші кезеңі аясында көгалдандыру жүргізіліп, жаяу жүргіншілер аймақтары жасалуда. Бейбітшілік және келісім саябағының екінші кезегінде классикалық үлгідегі бақ қалыптасып келеді.

Елорда келбетін өзгертудегі маңызды бағыттардың бірі – аулаларды абаттандыру. Астанада бірнеше жылдан бері «Халық қатысатын бюджет» жобасы жүзеге асып келеді. Оның арқасында тұрғындар өз аудандарын дамытуға тікелей атсалысып, жобалар ұсынып, үйінің маңындағы кеңістіктің қандай болғанын қалайтынын айқындай алады. Жалпы, осы жоба арқылы Астанада 60-тан астам аула абаттандырылды.

Жыл өткен сайын Астанада отбасымен бірге уақыт өткізіп, спортпен шұғылданып, демалуға болатын орындар көбейіп келеді. Айта кетерлігі, бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қалалық инфрақұрылымды дамыту, Астананы абаттандыру және көгалдандыру бағытындағы жүйелі жұмысты жалғастыруды тапсырған болатын. Соңғы жылдары елордада шамамен 500 қоғамдық және аула кеңістігі абаттандырылды.