Құрылтай сайлауы алдындағы соңғы теледебатқа жеті партия көшбасшысы шығады
19 тамыз күні сағат 20:00-де «24KZ» телеарнасының тікелей эфирінде «Басты дебат – 2026» телевизиялық пікірталасы өтеді. Бұл – ел тарихындағы Құрылтай сайлауы алдындағы соңғы теледебат.
Саяси пікірталастың негізгі тақырыбы – «Экономикалық өсімнен азаматтардың әл-ауқатына дейін». Эфир барысында партия көшбасшылары өздерінің сайлауалды бағдарламаларын таныстырып, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты негізгі ұсыныстарын ортаға салады.
Дебатқа еліміздегі жеті саяси партияның жетекшісі қатысады. Олар:
- «Әділет» партиясының төрағасы Айбек Дәдебай;
- «Ақ жол» демократиялық партиясының төрайымы Дания Еспаева;
- Қазақстан Халық партиясының төрағасы Нұрсұлтан Шоқанов;
- «Ауыл» партиясының төрағасы Қайрат Айтуғанов;
- Қазақстанның жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының төрағасы Асхат Рахимжанов;
- Respublica партиясының төрағасы Айдарбек Ходжаназаров;
- Baytaq партиясының төрағасы Азаматхан Әміртаев.
Пікірталас төрт раундтан тұрады. Оның барысында партия жетекшілері бір-біріне сұрақ қойып, қарсыластарының ұстанымдарына пікір білдіре алады. Сонымен қатар азаматтардың байланыс орталығына жолдаған сұрақтары мен бейнеүндеулеріне жауап береді.
Дебаттың соңғы бөлімінде партия жетекшілері сайлаушыларға өздерінің қорытынды үндеуін жасайды. Қатысушылардың сөз сөйлеу кезегі 18 тамыз күні сағат 10:00-де «24KZ» телеарнасында тікелей эфирде өтетін ашық жеребе арқылы анықталады. Жеребе нәтижесі телеарнаның әлеуметтік желідегі ресми парақшаларында жарияланады.
Тікелей эфирді белгілі тележүргізушілер Нұрсұлтан Құрман мен Мөлдір Досбай жүргізеді. Ал азаматтардан келіп түсетін сауалдарды қабылдап, өңдеуді Сағыныш Әбікей қамтамасыз етеді.
Дебатты телеарна эфирінен бөлек, YouTube арнасынан, сондай-ақ Telegram, Instagram және TikTok-тағы ресми парақшаларынан онлайн бақылауға болады. «Басты дебат – 2026» 19 тамыз күні сағат 20:00-де «24KZ» телеарнасында көрсетіледі.