Қазақстанда жұмыспен қамту саласы жаңа форматқа көшіп жатыр. Бұдан былай азаматтар бос жұмыс орындарын өздері іздемейді, жүйе олардың біліктілігі мен еңбек нарығындағы сұранысқа сай жұмыс ұсынады. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев мәлімдеді.

Оның айтуынша, жұмыспен қамту саласын проактивті модельге көшіру мақсатында ведомство Цифрлық жұмыспен қамту қызметін енгізіп жатыр.

«Жаңа модельдің негізгі қағидаты — жұмысты адам іздемейді, жұмыс адамды өзі табады. Бұған дейін жұмыс іздеушілер бос орындарды өздері қарап, мансап орталықтарына өздері жүгінетін. Енді жүйе жұмыс берушілердің қажеттіліктерін талдап, жұмысқа мұқтаж азаматтарды анықтайды. Осыдан кейін азаматтарға eGov Mobile, Enbek.kz мобильді қосымшалары немесе 1414 нөмірінен SMS-хабарлама арқылы ақпарат жолданады», — деді Асқарбек Ертаев Үкімет отырысында.

Министрдің айтуынша, жасанды интеллект өңір ішінде де, өңіраралық деңгейде де ұсыныстар әзірлейді. Әсіресе жұмысшы мамандықтар бойынша сұранысқа ие бос орындарды әр адамға жеке іріктеп береді.

Сонымен бірге жүйе азаматтарға қайта даярлау, біліктілікті арттыру курстарынан өту және басқа өңірге қоныс аудару мүмкіндіктері туралы ұсыныстар жасайды.

«Азамат тұрақты жұмысқа орналасқанша толық қолдау көрсетіледі. Жоба шілде айында Павлодар облысында пилоттық режимде іске қосылды. Осы уақыт ішінде өңір тұрғындарына жұмысқа орналасу мүмкіндігі туралы 39 мың SMS-хабарлама жіберілген. Нәтижесінде 962 адам тұрақты жұмысқа орналасты», — деді Еңбек министрі.

Қыркүйек айында цифрлық жұмыспен қамту қызметін Маңғыстау облысында енгізу жоспарланып отыр. Ал жыл соңына дейін сервис еліміздің барлық 20 өңірінде қолжетімді болады.

Алдағы уақытта жүйе Aitu мобильді қосымшасы арқылы да жұмыс істейді. Ондағы ЖИ-көмекші пайдаланушының тәжірибесі мен дағдыларына сай бос жұмыс орындарын, сондай-ақ оқыту курстарын ұсынып отырады.