Астанада «Таза Қазақстан» және «Заң мен тәртіп» аясында профилактикалық рейд өтті
Астана қаласының Нұра ауданында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы және «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында профилактикалық рейд ұйымдастырылды, деп хабарлайды Elordamedia.kz.
Іс-шараны Нұра ауданы әкімдігі ұйымдастырып, оған Астана қаласы Полиция департаментінің Нұра аудандық полиция басқармасының қызметкерлері мен еріктілер қатысты.

Рейд елордадағы Орталық саябақ аумағында өтті. Оның негізгі мақсаты – тұрғындар мен қала қонақтарының қоғамдық орындардағы тәртіпті сақтау мәдениетін қалыптастыру, қоршаған ортаға ұқыпты қарауға шақыру және экологиялық жауапкершілікті арттыру.
Іс-шара барысында саябақта демалып жүрген азаматтарға ескерту жазылған ақпараттық флаерлер таратылды. Сонымен қатар мамандар қоғамдық орындарды таза ұстау, тұрмыстық қалдықтарды арнайы жәшіктерге тастау және табиғатты қорғаудың маңыздылығы жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Нұра аудандық полиция басқармасы Қоғамдық тәртіп бөлімінің басшысы орынбасары Азамат Әжібаевтың айтуынша, мұндай шаралардың басты мақсаты – қоғамда құқықтық және экологиялық мәдениетті қатар қалыптастыру.
«Бүгінгі іс-шараның негізгі мақсаты – қоғамдық тәртіппен қатар экологиялық тәртіпті де сақтау мәдениетін қалыптастыру. Әсіресе жаз мезгілінде демалушыларды айналасына қоқыс тастамауға, табиғатқа жауапкершілікпен қарауға шақырып, түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Бұл бағыттағы жұмыстардың басым бөлігі жастарға арналды. Себебі жастар – біздің болашағымыз, сондықтан экологиялық мәдениет пен заңға құрметті ең алдымен солардың бойына сіңіру маңызды», – деді ол.
Акцияға қатысқан қала тұрғыны Әділет Омаров мұндай бастамалардың қоғам үшін маңызы зор екенін атап өтті.

«Бүгін отбасымызбен әсем табиғат аясында серуендеуге шықтық. Балаларымызға қоғамдық орындарда тәртіп сақтауды, қоршаған ортаға жанашырлықпен қарауды үнемі үйретеміз. “Таза Қазақстан” жобасын әрдайым қолдаймын. Оның маңызын үйде балаларымызға, жұмыста әріптестеріме де айтып, насихаттап жүремін. Елімізде заң мен тәртіп салтанат құрып, қоғамда тыныштық, ал қоршаған ортаға деген қамқорлық әр азаматтың өмірлік ұстанымына айналса екен», – деді қала тұрғыны.
Мұндай алдын алу шаралары азаматтардың құқықтық сауатын арттырып, құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясындағы жұмыстар елордада тұрақты түрде өткізіліп келеді. Мұндай рейдтер қала тазалығын сақтауға ғана емес, тұрғындардың қоршаған ортаға деген жауапкершілігін күшейтуге және қоғамдық тәртіпті нығайтуға мүмкіндік береді.