Астанада электрлі аэротакси тұңғыш рет сынақтан өтті
Елордада алғаш рет электр қуатымен жұмыс істейтін аэротаксидің көрсетілімі өтті. Қала ішінде әуе тасымалын дамытуға бағытталған жоба «Болашақ ойындары — 2026» халықаралық ойындары аясында таныстырылды.
Аэротаксидің ұшу сәтін қазақстандық Alatau Advance Air Group Ltd. (AAAG) компаниясы Қытайдың AutoFlight компаниясымен бірлесіп ұйымдастырды.
Көрсетілім барысында AutoFlight Prosperity атты электрлі тік көтеріліп, тік қона алатын eVTOL әуе аппараты таныстырылды. Аэротакси бір ұшқыш пен бес жолаушыға арналған. Келешекте ұшқышсыз ұшу жобасы да қарастырылып жатыр. Оның ең жоғары жылдамдығы сағатына 200 шақырым, ал бір қуатпен шамамен 200 шақырымға дейін ұша алады. Аппарат 13 электр қозғалтқышымен жабдықталған. Соның арқасында кәдімгі тікұшақтармен салыстырғанда дыбысы әлдеқайда бәсең әрі атмосфераға көмірқышқыл газын шығармайды.
Алғашқы ашық көрсетілім халықаралық қауіпсіздік талаптарына сәйкес жолаушыларсыз өткізілді.
Alatau Advance Air Group Ltd. компаниясының бас директоры Сергей Хегайдың айтуынша, бұл жай ғана бір реттік көрсетілім емес.
«Астанадағы ұшу — Қазақстанда қалалық әуе мобильдігін дамыту бағытындағы жүйелі жұмыстың бір бөлігі. Біздің мақсатымыз — инновациялық әуе көлігін еліміздің көлік жүйесінің ажырамас бөлігіне айналдыру», — деді Сергей Хегай.
Жоба биыл маусым айында заңнамалық қолдауға ие болды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев электрлі тік көтеріліп, тік қона алатын әуе аппараттарын (eVTOL), вертипорттарды және ұшқышсыз әуе қозғалысын басқару жүйесін құқықтық тұрғыдан реттейтін заңға қол қойған еді.