Астанада топырақты заңсыз өндіруге қарсы бақылау күшейтілді
Фото: Gov.kz
«Заң мен тәртіп» және «Таза Қазақстан» қағидаттарын жүзеге асыру аясында елордада топырақты заңсыз өндіру фактілерін анықтау және жолын кесу бойынша жүйелі жұмыстар жалғасып келеді. Мұндай заң бұзушылықтар қоршаған ортаға айтарлықтай зиян келтіріп, табиғи ландшафтты өзгертеді әрі қаланың экологиялық ахуалына қатер төндіреді. Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайты қалалық Полиция департаментіне сілтеме жасай отырып хабарлады.
Жерді өз бетінше қазу салдарынан терең шұңқырлар пайда болып, кейін оларға су жиналады. Бұл жер бедерінің өзгеруіне, жердің табиғи күйінің бұзылуына және экологиялық жағдайдың нашарлауына әкеп соғады.
Мәселен, Сарыарқа ауданындағы учаскелердің бірінде полиция қызметкерлері топырақты заңсыз өндірудің сегіз дерегін анықтады. Құқық бұзушыларға қатысты жер қойнауын өз бетінше пайдаланғаны үшін заң аясында шаралар қабылданды. Құқық бұзушылық жасау кезінде пайдаланылған көлік құралдары коммуналдық тұраққа қойылды.
Мұндай заң бұзушылықтарды анықтау мақсатында полиция қызметкерлері ұшқышсыз ұшу аппараттарын, Жедел басқару орталығының бейнебақылау камераларын пайдалана отырып мониторинг жүргізеді. Сонымен қатар топырақ заңсыз өндірілуі мүмкін аумақтар тұрақты түрде тексеріліп отырады.
Мұндай құқық бұзушылықтардың жолын кесу жұмыстары тұрақты негізде жалғасын табуда.
Астана қаласының полициясы азаматтар мен ұйымдарды жер қойнауын пайдалану саласындағы заңнама талаптарын, абаттандыру қағидаларын сақтауға және қоршаған ортаға ұқыпты қарауға шақырады. Топырақты заңсыз өндірудің әрбір дерегі бойынша шара қабылданып, кінәлі тұлғалар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапқа тартылады.