Үш ел полициясы бірлескен операция барысында трансұлттық қылмыстық топ мүшелерін ұстады
ІІМ мәліметінше, Қазақстан Ішкі істер министрі бастаған делегациялардың Түркия, Грузия және Әзербайжанға жасаған жұмыс сапарларынан кейін қылмыстық құрылымдарға қарсы халықаралық ынтымақтастық күшейген.
Қазақстан, Түркия және Грузияның құқық қорғау органдары трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметін тоқтатуға бағытталған бірлескен арнайы операция өткізді. Бұл туралы Polisia.kz хабарлады.
ІІМ дерегінше, Қазақстан Ішкі істер министрі бастаған делегациялардың Түркия, Грузия және Әзербайжанға жасаған жұмыс сапарларынан соң қылмыстық құрылымдарға қарсы халықаралық ынтымақтастық нығайған.
Арнайы операцияға 2026 жылы Ыстамбұлда Қазақстан азаматы Исмаиловтың қарумен өлтірілуі түрткі болған. Үш ел полициясының үйлесімді жұмысының нәтижесінде қылмысқа қатысы бар екі күдікті ұсталып, тергеу барысында кісі өлтіруді ұйымдастырушы мен тапсырыс беруші анықталған. Олар трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топ өкілдері әрі халықаралық іздеуде болған.
Жиналған ақпарат негізінде Қазақстан ІІМ мен ҰҚК ел аумағында осы қылмыстық құрылымға қатысы бар өзге де ауыр қылмыстарды әшкерелеген. Атап айтқанда, Алматыда 2025 жылғы тамызда болған адам өлтіруге оқталу ісі бойынша киллерлердің бірі ұсталып, қылмыс қаруы тәркіленген. Бұл іс бойынша тергеу аяқталып, материалдар сотқа жолданды.
ІІМ Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыстың айтуынша, Алматыда аталған қылмыстық топтың тағы бірнеше мүшесі ұсталған. Оларға қару қолданылған бірнеше шабуылға қатысы бар деген айып тағылып отыр.
Сондай-ақ Грузия аумағында трансұлттық қылмыстық құрылымдармен байланысы бар және бірқатар ауыр қылмысқа қатысы бар күдіктілер қолға түскен.
Қазіргі уақытта анықталған барлық қылмыстық факті бойынша дәлелдемелер жиналып, іске қатысы бар өзге тұлғаларды анықтау жұмыстары жалғасуда. Тергеу органдары қылмыстық топтың ұйымдастырушысын қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тарту бағытында жұмыс істеп жатыр.