Қазақстанда медициналық зертханаларды аккредиттеу толықтай цифрландырылады
Енді аккредиттеу аттестаты немесе дәлелді бас тарту электрондық үкімет порталы арқылы екі күн ішінде рәсімделеді.
Денсаулық сақтау министрлігі дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарға сараптама жүргізетін медициналық зертханаларды аккредиттеу қағидаларына өзгерістер әзірледі. Бұдан былай аттестат электрондық үкімет порталы арқылы цифрлық форматта небәрі екі күнде рәсімделеді. Бұйрық жобасы «Ашық НҚА» порталында жарияланды.
Ведомство мәліметінше, бұл өзгеріс бизнес үшін рәсімді жедел әрі ыңғайлы етеді. Дегенмен зертханалардың сапасы мен сараптама жүргізуіне қойылатын қатаң талаптар бұрынғыдай сақталады.
Министрлік цифрландыру рәсімнің соңғы кезеңіндегі қағаз құжат айналымын азайтып, өтініш берушілерге нәтиже алуды жеңілдететінін атап өтті.
Бұйрық жобасына сәйкес, аккредиттеу қорытындысы бойынша шешім қабылданғаннан кейін өтініш беруші мемлекеттік қызметті алу үшін электрондық үкімет порталы арқылы онлайн өтінім беруі тиіс. Нәтижесінде аккредиттеу аттестаты беріледі не электрондық форматта дәлелді бас тарту жолданады.
Бұл ретте аккредиттеу рәсімінің өзі өзгермейді. Аккредиттеу жүргізуге өтініш беру тәртібі, қажетті құжаттарды ұсыну, зертхананы бағалау және мемлекеттік орган мен өтініш беруші арасындағы есеп алмасу тәртібі бұрынғы қалпында қалады. Осы кезеңдердің барлығы қолданыстағы тәртіп бойынша жүзеге асырылады.
Өзгерістер сынақ зертханаларына жаңа талаптар енгізуді көздемейді және бизнеске қосымша жүктеме түсірмейді.