Өртті сөндіру жұмыстары жалғасуда.

Елордалық құтқарушылар қатты тұрмыстық қалдықтар полигонындағы өртті сөндіріп жатыр.

Байқоңыр ауданындағы қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны аумағындағы өртті сөндіру жұмыстары жалғасуда. Оқиға орнында ТЖМ күштері мен құралдары, жергілікті атқарушы органдар және кәсіпорын қызметкерлері тәулік бойы жұмыс істеуде. Жедел штаб құрылды.

ТЖМ басшылығы оқиға орнында болып, өртті сөндіру жұмыстарын үйлестіруде. Өрт сөндіруге жалпы саны 130-ға жуық жеке құрам қызметкері мен 70-тен астам техника жұмылдырылған.

«Өртті сөндірудің төрт учаскесі құрылып, олар өрт ошағының периметрі бойынша орналастырылды. Өрттің одан әрі таралуына жол бермеу мақсатында инженерлік техниканың көмегімен өрт жиегі бойына инертті материал төселуде. Өртті сөндіру жұмыстары қою түтінге, сондай-ақ үйілген қоқыстың тұрақсыз әрі борпылдақ күйіне байланысты күрделеніп отыр. Бұл өрт сөндіру және қосалқы техниканың қозғалысын, сондай-ақ өрт оқпандарымен жұмыс істеуді қиындатуда», – деп хабарлады Астана қаласы ТЖД бастығының міндетін атқарушы Өміржан Тукушев.

ТЖМ мәліметінше, өрт ошақтарына инертті материал жеткізу үшін полигонның батыс бөлігінде ұзындығы шамамен 200 метрлік уақытша үйінді жол салынды.

Қазіргі уақытта өрт ошақтарын жабуға шамамен 2,6 мың тонна инертті материал жеткізілді. Жағдай ТЖМ бақылауында. Құтқарушылар өртті толық сөндіру жұмыстарын жалғастыруда.