«Әділет» партиясының кезектен тыс III съезінде жаңа Конституцияға байланысты Жарғыға енгізілген өзгерістер мен партияға мүшелік жарна бекітілді.

Жалпы, Жарғыдағы 40 ережеге өзгеріс енгізілді. Олар өзара байланысты үш бөлімге топтастырылған. Алғашқысы Жарғыны жаңа Конституция мен қолданыстағы заңнамаға сәйкестендіруге арналған.

Екіншісі партияның ішкі басқару жүйесін жетілдіруді қамтиды. Онда басқарушы органдардың құзыреттері нақты айқындалып, заманауи әрі тиімді ұйымдастыру тетіктері енгізілген.

Үшінші бөлім құжатты редакциялық және жүйелі тұрғыдан түзетуге бағытталған.

Бұған қоса, съезд делегаттары мүшелік жарнаны бекітті. Жұмыс істейтін азаматтар үшін айлық жарна 0,1 АЕК деңгейінде болса, студенттерге — 0,01 АЕК.

Зейнеткерлер, мүгедектігі бар жандар, бала күтіміне байланысты демалыстағы ата-аналар және мүгедектігі бар балалардың заңды өкілдері мүшелік жарнаны төлеуден толық босатылады.