Аида Балаева Джеки Чанға мәдени байланысты дамытқаны үшін ризашылық білдірді
Аида Балаева Джеки Чанды Қазақстандағы түсірілімнің басталуымен құттықтады.
Бүгін Алматы қаласында әйгілі актер Джеки Чанның қатысуымен түсірілетін Armour of God: Ultimatum («Доспехи бога: Ультиматум») халықаралық көркем фильмінің өндірісін ресми түрде бастау рәсімі өтті.
Салтанатты шараға ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды, Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев, сондай-ақ қазақстандық және халықаралық киноиндустрия өкілдері қатысты.

Үкімет басшысының орынбасары Джеки Чанның Қазақстан мен Қытай арасындағы мәдени-гуманитарлық байланысты дамытуға қосып жатқан үлесін жоғары бағалады.
«Қазақстан мәдениетін әлемдік аренада танытуға және екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық байланысты нығайтуға қосып отырған үлесіңіз үшін Сізге алғыс білдіремін. Алдағы түсірілім жұмыстарына сәттілік, жаңа шығармашылық табыстар тілеймін», – деді Аида Балаева.
Кездесу барысында Джеки Чан Алматының талантты жас суретшілерімен және Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының түлектері – жас кинематографистермен әңгімелесті. Ол жастарға шығармашылық жолда табыс тілеп, үздіксіз ізденіс пен өз ісіне деген сүйіспеншіліктің маңызын атап өтті. Кездесу соңында балалар әйгілі актерге өздері салған портреттерін тарту етті.
Шара соңында қатысушылар дәстүрлі түсірілім тақтайшасымен естелік суретке түсті. Осылайша фильм өндірісінің ресми басталғаны айқындалды.

Жоба ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Қытайдың мемлекеттік кинокомпаниясы China Film Group Corporation-ның қолдауымен жүзеге асып жатыр. Фильм өндірісімен қазақстандық Sәlem Entertainment компаниясы және гонконгтық Billion Target компаниясы айналысады.
Фильм түсірілімі 2026 жылғы шілде мен қазан айлары аралығында Қазақстан аумағында өтеді. Картинаның қоюшы режиссері – қазақстандық Роберт Кун. Туынды кең халықаралық прокатқа бағытталған. Негізгі түсірілім алаңдары Алматы қаласында, Алматы және Маңғыстау облыстарында орналасады.
Бұл жоба Қазақстан үшін стратегиялық әрі имидждік тұрғыдан маңызды. Оның жүзеге асуы еліміздің мәдени, туристік және инвестициялық әлеуетін ілгерілетуге, кинотуризмді дамытуға, халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға және Қазақстанды әлемдік деңгейдегі ірі киножобаларды түсіруге қолайлы заманауи алаң ретінде кеңінен танытуға ықпал етеді.