Ақмола облысының Бурабай ауданында квадроцикл қатысқан жол-көлік оқиғасы салдарынан 22 жастағы Астана тұрғыны қаза тапты. Тағы бір қыз жарақат алды.

Полиция оқиғаға қатысты тергеу жүргізіп, мототехниканы жалға беру орнының қызметін тексеріп жатыр.

7 шілде күні кешкілік қыз Зеленый Бор мен Бурабай кенттерінің арасындағы автожолда квадроциклмен келе жатқан. Жол үстінде ол көлікті меңгере алмай қалып, квадроцикл аударылып кеткен. Жүргізуші алған жарақатынан сол жерде қайтыс болды.

Квадроциклде болған, 2007 жылы туған Астана қаласының тұрғыны түрлі жарақат алып, дәрігерлерге жүгінген.

Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оқиғаның барлық мән-жайын анықтау мақсатында тиісті жұмыстар жүргізілуде.

Полиция департаменті квадроциклдер мен өзге де мототехниканы пайдалану барысында қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау қажеттігін ескертті. Жолға шығар алдында көліктің техникалық жарамдылығын тексеріп, қорғаныс құралдарын қолдану және жылдамдықтан аспау керек. Полиция қызметкерлерінің айтуынша, осы ережелерді сақтау ауыр зардаптардың алдын алады.