Елорда күніне орай Астанадағы «Tanym» көпфункционалды кешенінің ұстаздары туған қалаға деген айрықша құрметі мен ыстық ықыласын шығармашылық сыйлық арқылы жеткізді. Педагогтер мереке қарсаңында «Бар әлемді тамсандырған гүл Астана» атты әнді орындап, туған қаланың көркеюі мен ел дамуына арналған ізгі тілектерін арнады. Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайты хабарлады.

Аталған ерекше бастама – ұстаздардың тек білім берумен ғана шектелмей, ұлттық құндылықтарды дәріптеп, жас ұрпаққа отансүйгіштік пен елге деген сүйіспеншіліктің үлгісін көрсететінін айқын байқатты.

Ән арқылы педагогтер Астананың Тәуелсіз Қазақстанның нышанына айналғанын, әлем назарын аударған сәулетті шаһар ретінде ел мақтанышына айналғанын атап өтті.

Мерекелік орындау көпшілікке көтеріңкі көңіл сыйлап, елордаға деген мақтаныш сезімін еселей түсті.

Ұстаздардың шығармашылық тартуы Астана күніне арналған мерекелік шаралардың мазмұнын байытып, бірлік пен ынтымақтың, туған жерге деген шынайы сүйіспеншіліктің жарқын көрінісіне айналды.

Астана – жаңашылдық пен жасампаздықтың, жарқын болашақтың қаласы.

Осы орайда «Tanym» көпфункционалды кешенінің ұстаздары қазақстандықтарды Астана күнімен құттықтап, елімізге тыныштық, халқымызға амандық, ал елордаға одан әрі гүлденіп өркендей түсуін тіледі.