Астанада қала күніне орай Президент орталығында №53 «Мерей» балабақшасының ұйымдастыруымен «Асқақтай бер, Астана!» атты мерекелік шара өтті. Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайты хабарлады.

Шара барысында балабақшаның дарынды тәрбиеленушілері ұлттық рухты дәріптейтін мазмұнды концерттік бағдарлама ұсынып, көрермендердің ықыласына бөленді.

Мерекелік кеште орындалған патриоттық әндер, ұлттық күйлер мен әсерлі көркем қойылымдар туған жерге деген сүйіспеншілікті, халқымыздың бай мәдени мұрасы мен рухани құндылықтарын кеңінен насихаттады. Әрбір өнер нөмірі бүлдіршіндердің табиғи дарыны мен шығармашылық қабілетін ғана емес, олардың бойындағы отансүйгіштік сезімді де айқын аңғартты.

Бұл тағылымды шара – жас ұрпақты ұлттық құндылықтарға баулып, елжандылыққа тәрбиелеу жолындағы жүйелі жұмыстың айқын жемісі. Балалардың сахнадағы табыстарының түп-төркінінде кәсіби шеберлігі биік ұстаздардың тынымсыз еңбегі мен ата-аналардың қолдауы жатыр.

Президент орталығындағы мерекелік концертке жиналған қонақтар жас өнерпаздардың өнерін жоғары бағалап, олардың сахна мәдениетіне, орындаушылық шеберлігі мен ұлттық өнерге деген құрметіне ризашылық білдірді.

№53 «Мерей» балабақшасы тәрбиеленушілердің жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасаумен қатар, ұлттық тәрбие мен рухани құндылықтарды дәріптеуді басым бағыттарының бірі ретінде жүйелі түрде жүзеге асырып келеді. Осындай игі бастамалар арқылы өскелең ұрпақтың бойында туған елге деген мақтаныш сезімі, ұлттық сана мен адами қасиеттер қалыптасады.