Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық гимнастика федерациясының президенті (FIG) Моринари Ватанабэмен және Азия гимнастикалық одағының президенті (AGU) Абдулрахман Әл-Шатримен кездесті.

Әңгімелесу барысында Қазақстанда гимнастика спортын дамыту және насихаттау бағытындағы ынтымақтастық перспективалары талқыланды.

Қасым-Жомарт Тоқаев FIG және AGU ұйымдарының Қазақстан гимнастика федерациясына көрсетіп келе жатқан жан-жақты қолдауын жоғары бағалады.

Президент бүгінде елімізде гимнастиканың балалар мен жастар арасында танымалдығы артып келе жатқанын атап өтті. Көптеген жергілікті залдармен қатар, ұлттық құрама жаттығатын және халықаралық жарыстар өткізілетін үш арнайы кешен жұмыс істейді.

Фото: akorda.kz

Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасымен Алматы қаласында Орталық Азиядағы ең ірі әрі бірегей Гимнастика орталығының құрылысы басталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның ауқымды спорттық іс-шараларды өткізу бойынша айтарлықтай тәжірибе жинағанын айтты.

Мемлекет басшысы еліміздің спорт саласын дамыту және ірі халықаралық додаларды өткізу бойынша бірлескен бастамаларды қарастыруға дайын екенін растады.

Фото: akorda.kz

Моринари Ватанабэ мен Абдулрахман Әл-Шатри Қазақстан басшылығының кәсіби және бұқаралық спортқа көрсетіп отырған қолдауына оң баға берді. Меймандар әлемдік ареналарда ел намысын қорғап жүрген қазақстандық спортшылардың жетістіктеріне ерекше назар аударды.

Кездесу соңында Мемлекет басшысы Қазақстанда және әлемде гимнастика спортын дамытуға сіңірген еңбегі үшін Халықаралық гимнастика федерациясының президенті Моринари Ватанабэні I дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.

Ал Азия гимнастикалық одағының президенті Абдулрахман Әл-Шатриге II дәрежелі «Достық» ордені табысталды.

Фото: akorda.kz