«Әділет» партиясы QR-код арқылы өтініш қабылдайтын жаңа цифрлық сервисті іске қосты
Қазақстандықтар енді бірнеше минут ішінде онлайн форматта партияға өтініш жолдап, бастама ұсына алады, қандай да бір мәселе туралы хабарлай алады немесе партия қатарына қосыла алады.

Азаматтарға қолайлы жағдай жасау мақсатында «Әділет» партиясы өтінім қабылдаудың бірыңғай цифрлық сервисін іске қосты. Бұл туралы партия төрағасы Айбек Дәдебай тау-кен металлургия кешенін дамыту мәселесіне арналған Іскерлік кеңес алаңында мәлімдеді.
Жаңа сервис қоғамдық қабылдаулармен, жеке қабылдаулармен және жазбаша өтініштермен қатар, азаматтармен байланыс орнатудың қосымша арнасына айналады. Оған партияның ресми сайты немесе бірыңғай QR-код арқылы кіруге болады.
Бірыңғай QR-код арқылы Қазақстанның әрбір азаматы партияның саяси бағдарламасымен танысып, партия қатарына онлайн түрде қосыла алады. Сонымен қатар өтініш жолдап, бастама ұсынуға, заң бұзушылық туралы хабарлауға және көмек сұрап жүгінуге мүмкіндік бар.
Пайдаланушыларға ыңғайлы болуы үшін өтінімдер 26 бағыттан тұратын бірыңғай тақырыптық рубрикатор бойынша жүйеленген. Бұл бағыттар ел өмірінің негізгі салаларын қамтиды. Олардың қатарында мемлекеттік басқару, цифрландыру, денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қорғау, экономика, кәсіпкерлік, ТКШ, көлік, экология, ауыл шаруашылығы, азаматтардың құқықтары және басқа да салалар бар.
Айбек Дәдебайдың айтуынша, жаңа платформаның іске қосылуы еліміздің цифрлық трансформацияға бағытталған стратегиялық бағдарына сәйкес келеді.
Мемлекет басшысы Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан заманауи тәсілдерді, жедел шешім қабылдауды және мемлекеттік институттарды тұрақты жаңғыртуды талап ететін жаңа даму кезеңіне қадам басқанын атап өтті. Сондай-ақ Президент цифрландыру мен технологиялардың қарқынды дамуы жағдайында бұрынғыдан да жылдам әрі тиімді жұмыс істеудің маңызына ерекше назар аударды.
Өтінім беру тәртібі барынша жеңілдетілген. Ол үшін QR-код арқылы өту немесе партияның ресми сайтына кіру, қажетті сервисті таңдау, eGov Mobile қосымшасы арқылы электрондық цифрлық қолтаңбаны пайдаланып, жеке басын растау және өтінім жолдау жеткілікті.
Өтінім жіберілгеннен кейін автоматты түрде бірегей тіркеу нөмірі беріледі. Өтінім қаралған соң, оның иесі көрсетілген байланыс деректері арқылы ресми жауап алады.
Цифрлық сервистің іске қосылуы азаматтармен, бизнес өкілдерімен және сарапшылар қоғамдастығымен тұрақты кері байланыс орнатуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ келіп түскен өтініштер мен ұсыныстарды жедел қабылдауға, жүйелі мәселелерді анықтауға және заңнамалық әрі басқарушылық шешімдерді әзірлеу кезінде азаматтардың бастамаларын ескеруге жол ашады.
Бұл қадам азаматтардың тұрғылықты жеріне қарамастан, партиямен байланысын барынша ыңғайлы, жедел әрі қолжетімді етуге бағытталған.