Елорда күні қарсаңында Астанада «Мерекелік саябақ» қалалық фестивалі өтеді, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.

Мәдени-танымдық бағдарлама 4 шілде күні Өнер музейінде, ал 5-6 шілде күндері Орталық саябақ аумағында ұйымдастырылады.

4 шілде күні сағат 12:00-ден бастап Өнер музейінде ұлттық мәдениет пен дәстүрлі өнерді дәріптеуге арналған шеберлік сабақтары мен мәдени-ойын-сауық іс-шаралары өтеді. Бағдарламада киіз үй және домбыра жасау бойынша шеберлік сабақтары, жетіген, сазсырнай және өзге де қазақтың ұлттық музыкалық аспаптарында ойнауды үйрету қарастырылған.

Сонымен қатар келушілерге әлеуметтік билер, флешмоб, ұлттық ойындар және танымдық іс-шаралар ұсынылады. Өнер музейі Отырар көшесі, 1/2 мекенжайында орналасқан.

5-6 шілде күндері сағат 12:00-ден бастап фестивальдің негізгі бағдарламасы Орталық саябақта жалғасады. Саябақ аумағында ұлттық болмыс пен заманауи шығармашылықты үйлестіретін арт-нысандар галереясы, стрит-арт аймағы, балаларға арналған интерактивті алаңдар, экологиялық ойындар, қолөнер және шығармашылық шеберлік сабақтары ұйымдастырылады.

Фестиваль аясында балаларға арналған қазақстандық анимациялық фильмдер көрсетіліп, аниматорлар мен ертегі кейіпкерлерінің қатысуымен ойын-сауық бағдарламалары өтеді.

Сондай-ақ отбасылық демалысқа арналған крафт ойындар, спорттық және командалық белсенділіктер, шығармашылық аймақтар мен ашық аспан астындағы музыкалық бағдарламалар жоспарланған.