Қазақстан мен Грузия стратегиялық серіктестікті нығайтуға уағдаласты
Фото: akorda.kz
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Грузия Премьер-министрі Ираклий Кобахидзе ресми делегация мүшелерінің қатысуымен келіссөз жүргізді.
Кездесу барысында екі елдің саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығын кеңейту перспективалары талқыланды.
Мемлекет басшысы Қазақстанның Оңтүстік Кавказдағы уақыт сынынан өткен сенімді серіктесі Грузиямен достық қатынастарды жоғары бағалайтынын атап өтті.
Біздің елдерімізді тарихи тамырластық, ортақ мәдени құндылықтар мен халықтарымыздың арасындағы берік байланыстар біріктіреді. Бұл – өзара серіктестігіміздің негізі. Біз жаңа ғана нәтижелі пікір алмасып, екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ниетті екенімізді растадық.

Фото: akorda.kz

Фото: akorda.kz
Президент қол қойылатын Стратегиялық серіктестік орнату жөніндегі бірлескен мәлімдеме қазақ-грузин қарым-қатынасын жаңа әрі сапалы деңгейге көтеретініне сенім білдірді.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, сауда-инвестициялық ықпалдастық екі ел байланысының негізгі өзегі саналады. Жаһандық тұрақсыздыққа қарамастан, тауар айналымын арттыруға мүмкіндік мол. Қазақстан Грузия экономикасына жарты миллиард доллардан астам инвестиция салып, аталған елдің ірі инвесторларының қатарына кірді.
Сауда-инвестициялық ықпалдастық екі ел байланысының өзегі саналады. Жаһандағы тұрақсыздыққа қарамастан тауар айналымын ұлғайтуға мүмкіндік мол. Қазақстан Грузия экономикасына жарты миллиард доллардан астам инвестиция салды. Әрі аталған елдің ірі инвесторларының қатарына кіреді. Мемлекеттеріміз энергетика секторында табысты ынтымақтастықты жолға қойды. Біз Баку – Тбилиси – Джейхан құбырымен мұнай тасымалы көлемін ұлғайтуға ниеттіміз. Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия аясында белсенді жұмыс атқарылып жатыр. Бүгінгі кездесу келешектегі жаңа басымдықтарды айқындауға септігін тигізеді деп үміттенемін.

Фото: akorda.kz

Фото: akorda.kz
Ираклий Кобахидзе Қасым-Жомарт Тоқаевтың көшбасшылығымен Қазақстан дамудың даңғыл жолына түскенін атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстан – Грузияның Орталық Азиядағы сенімді серіктесі.
Қазақстан – Орталық Азия аймағындағы сенімді серіктесіміз. Орайлы сәтте Сізді жаңа Конституцияның қабылдануымен құттықтаймын. Бұл Сіздің тегеурінді басшылығыңызды және Қазақстанның орнықты дамуын көрсетеді. Екіжақты серіктестікті жаңа стратегиялық деңгейге көтеру үкіметтеріміз бен халықтарымыздың арасындағы ынтымақтастыққа жол ашады. Сізге Стратегиялық серіктестік туралы бірлескен мәлімдеме қабылдағаныңыз үшін алғыс айтамын. Сондай-ақ біз Қазақстанмен саяси диалог болсын, институционалдық және үкіметтік алмасулар болсын, түрлі деңгейдегі тығыз ықпалдастықты жоғары бағалаймыз. Мұның бәрі қарым-қатынасымызды ілгерілете түседі.
Мемлекет басшысы стратегиялық серіктестікті одан әрі дамыту үшін энергетика, инвестиция, көлік қатынасы, ауыл шаруашылығы, цифрландыру, туризм және басқа да перспективті салаларды қамтитын «жол картасын» әзірлеуді ұсынды.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ираклий Кобахидзе өзара тиімді инвестициялық жобаларды іске асыруға мүдделі екенін растады.
Транскаспий халықаралық көлік бағдарының негізгі қатысушылары ретінде екі ел көлік-логистика инфрақұрылымын дамыту, контейнерлік тасымал көлемін кеңейту, тариф саясатын үйлестіру және цифрландыруды жеделдету бағытында дәйекті шаралар қабылдауға ниетті.
Соңғы бес жылда Орта дәліз арқылы тасымал көлемі 3,5 есе өскен. 2029 жылға қарай аталған бағдар бойынша қатынайтын контейнерлік пойыздар саны 3 мыңға жетеді деп күтілуде.
Қазақстан Батуми портынан бөлек, Грузияның басқа да теңіз айлақтарына кіруге мүдделі. Өткен жылы қазақстандық инвестордың қатысуымен Поти портында жаңа мультимодальді терминал ашылды. Сонымен қатар Анаклия порты өңіраралық байланысты нығайту тұрғысынан маңызды жобалардың бірі ретінде аталды.
Цифрландыру мен жасанды интеллект өзара ынтымақтастықтың перспективті салаларының қатарында көрсетілді. Екі ел цифрлық үкімет, онлайн мемлекеттік қызметтер және GovTech шешімдері бағытында тәжірибе алмасуға дайын екенін растады.
Қазақстан Грузия стартаптары мен технологиялық компанияларының Astana Hub бағдарламасына және аймақтық технологиялық бастамаларға қатысуын құптайды.
Бұдан бөлек, келіссөз барысында денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет және туризм салаларындағы серіктестікті нығайту мәселесіне ерекше назар аударылды.
Президент Грузия қазақстандық туристер үшін танымал бағыттардың бірі саналатынын атап өтіп, Қазақстан да грузиялық меймандарды қабылдауға дайын екенін айтты.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы мәдени алмасуларды қолдаудың маңызына тоқталып, екі елдің мәдениет күндерін ұйымдастыруды ұсынды.
Келіссөз қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ираклий Кобахидзе Қазақстан Республикасы мен Грузия арасында Стратегиялық серіктестік орнату жөніндегі бірлескен мәлімдеме қабылдады.

Фото: akorda.kz

Фото: akorda.kz
Бұған қоса, екі елдің делегация мүшелері бірқатар мемлекетаралық және ведомствоаралық құжатпен алмасты. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Грузия Мәдениет министрлігі арасында мәдениет саласындағы ынтымақтастық бойынша өзара түсіністік туралы меморандум, Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен Грузия Экономика және орнықты даму министрлігі арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандум, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі мен Грузия Экономика және орнықты даму министрлігі арасында туризм саласындағы ынтымақтастық бойынша өзара түсіністік туралы меморандум қабылданды.

Фото: akorda.kz

Фото: akorda.kz

Фото: akorda.kz