5 шілде күні Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында Ұлттық домбыра күні аясында «Асыл мұра» концерті өтеді. Іс-шара сағат 17:00-де басталады.

Елорда күні қарсаңында ұйымдастырылатын мәдени жоба биыл бесінші рет өткізілмек. «Асыл мұра» концерті ұлттық өнердің тарихи-мәдени құндылығын, өңірлік орындаушылық мектептердің сабақтастығын және домбыра мұрасының қазіргі мәдени кеңістіктегі маңызын көрсетуге бағытталған.

Іс-шараның негізгі мақсаты – халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлі музыка өнерін дәріптеу, сирек орындалатын шығармаларды жаңғырту және ұрпақтар сабақтастығын нығайту.

Концерт барысында қазақтың дәстүрлі әншілік және күйшілік өнерінің Арқа, Сыр, Жетісу, Алтай-Тарбағатай және Батыс мектептері кеңінен таныстырылады. Көрермендерге бес орындаушылық мектептің ерекшелігін айқындайтын әндер, жырлар мен күйлер ұсынылады.

Мәдени іс-шараға белгілі өнер қайраткерлері мен дәстүрлі өнер өкілдері қатысады. Олардың қатарында Сержан Мұрсайын, Перизат Тұрарова, Өзгеріс Шерікбай, Бейбіт Мұсаев, Ардақ Балажанова, Нұржан Жанпейісов, Алмас Алматов, Елмұра Жаңаберген, Марат Сүгірбай, Күнсұлу Түрікпен, Айгүл Қосанова, Дастан Есентеміров, Айгүл Елшібаева, Қазбек Әдікей, Медет Салықов, Клара Төленбаева және Гүлмира Сарина бар.

Сондай-ақ концертте «Қорқыт» ансамблі, «Шалқыма» би ансамблі, «Дала Sound» квартеті және Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның хоры өнер көрсетеді.

Мәдени кеште заманауи цифрлық технологиялар, мультимедиалық визуализация және жасанды интеллект элементтері қолданылады.