Алматылық әйел шетелде көзінің түсін өзгерту отасын жасатқаннан кейін ауыр асқынуларға тап болды.

Отадан соң пациентте күрделі мәселелер пайда болған. Атап айтқанда, глаукома, яғни көз қысымының артуы және қасаң қабықтың бұлдырауы дамыған. Соның салдарынан әйел көру қабілетінен толықтай дерлік айырылған. Бір көзі мүлдем көрмей қалса, екіншісі тек жарықты ғана ажырата алған. Кейін оған І топтағы мүгедектік тағайындалды.

Көмек іздеген пациент Қазақстандағы және шетелдегі түрлі клиникаларға жүгінген. Алайда көп маман оның көру қабілетін қалпына келтіруді өз мойнына алмаған.

Әйелге Алматы қалалық орталық клиникалық ауруханасының мамандары, соның ішінде офтальмолог Гүлзат Әбдірайымова көмек көрсетті.

Дәрігерлердің айтуынша, жағдай көз ішіндегі қысымның тым жоғары болуымен қиындаған. Сонымен қатар ота кезінде көру қабілетін біржола жоғалтуға әкелуі мүмкін экспульсивті, яғни кенеттен болатын қан кету қаупі де болған.

Жоғары тәуекелдерге қарамастан, дәрігерлер шамамен екі сағатқа созылған аралас ота жасады. Пациентке көз ішіндегі қысымды төмендету және қасаң қабықты ауыстыру бойынша хирургиялық ем жүргізілді.

Нәтижесінде науқастың жағдайын тұрақтандыруға мүмкіндік туды. Сонымен қатар отаға дейін тек жарықты ғана ажырата алған көзінің көру қабілеті ішінара қалпына келтірілді. Қазіргі уақытта пациент әрі қарай емделіп, оңалту курсынан өтіп жатыр.

Айта кетейік, қасаң қабықты трансплантациялау офтальмологиядағы ең күрделі оталардың бірі саналады. Алматы қалалық орталық клиникалық ауруханасында мұндай хирургиялық араласулар донорлық бағдарлама аясында жүргізіледі.

Жыл басынан бері аурухана мамандары осындай 12 ота жасап, пациенттердің көру қабілетін сақтауға және қалпына келтіруге мүмкіндік берді.