Үкімет Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша биыл инфляцияны 10%-дан төмен түсіруді көздеп отыр. Сонымен қатар халықтың табысын арттыруға бағытталған кешенді шаралар қабылданды.

Парламент палаталарының бірлескен отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов депутаттардың инфляцияны тежеу және азаматтардың табысын арттыру жөніндегі сұрақтарына жауап берді.

Жиында тұрақты экономикалық өсімге қарамастан, өткен жылы Қазақстанда инфляциялық қысымның күшейгені атап өтілді. Үкімет, Ұлттық банк және басқа да мемлекеттік органдардың бірлескен жұмысының нәтижесінде инфляцияның біртіндеп баяулауына қол жеткізілген.

Олжас Бектеновтің айтуынша, былтыр қыркүйек айында инфляция деңгейі 12,9%-ға жеткен. Қазіргі таңда қабылданып жатқан шаралардың нәтижесінде биылғы бес айдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 10,4%-ға дейін төмендеген.

Өткен жылы қыркүйек айында инфляция 12,9%-ға жетті. Қазір Үкімет, Ұлттық банк және басқа да мүдделі құрылымдар қабылдап жатқан шаралардың нәтижесінде осы жылдың бес айында инфляция көрсеткіші 10,4%-ға дейін төмендеді. Біз қабылдаған шаралардың қорытындысы бойынша жақын арада инфляцияны 10%-дан төмен түсіруді жоспарлап отырмыз.

Премьер-министр өткен жылы инфляциялық процестер халықтың табыс деңгейіне де әсер еткенін айтты. Сонымен қатар бірқатар салада нақты табыстың өсуі байқалған.

Оның мәліметінше, ауыл шаруашылығында ауылдық жердегі жұмысшылардың нақты табысы 9,3%-ға өскен. Сауда, байланыс, сумен жабдықтау және энергетика салаларында кірістер орта есеппен 4%-ға артқан. Ал көлік саласында өсім 5%-дан 10%-ға дейін жеткен.

Егжей-тегжейлі қарасақ, халықтың табысы өскен бірқатар салалар бар. Мысалы, ауыл шаруашылығында ауылдағы жұмысшылардың нақты табысы 9,3%-ға өсті. Сауда, байланыс, сумен жабдықтау, энергетика сияқты салаларда кірістер бағытына байланысты орта есеппен 4%-ға өсті, көлік саласында бұл көрсеткіш 5-тен 10%-ға дейін артты. Жекелеген салаларда оң динамика бар. Біз халықтың нақты табысының көрсеткіштері экономиканың бүкіл салаларында өсуі үшін барлық шараларды қабылдайтын боламыз.

Олжас Бектенов халықтың табысын арттыру бойынша жеке жоспар қабылданғанын атап өтті. Құжатта нақты табысты өсіруге бағытталған шаралар егжей-тегжейлі қамтылған.

Премьер-министрдің айтуынша, жоспар аясында импортқа тәуелді қажетті тауарларды өз елімізде өндіру, қызметкерлердің жалақысын арттыру және мемлекеттік қолдау алатын кәсіпорындардың өзара міндеттемелері шеңберінде еңбекақыны көтеру мәселелері қарастырылған.

Биыл біз жалпы экономика бойынша халықтың нақты табысының көрсеткіштері өсуі үшін барлық шараларды қабылдайтын боламыз. Халықтың табысын арттыру жөніндегі жеке жоспар қабылданды, онда біздің бағалауымыз бойынша халықтың нақты табысының өсуіне алып келетін барлық шаралар егжей-тегжейлі қамтылған. Бұл бүгінгі таңда импорттап отырған қажетті тауарларды өндіруді де, қызметкерлердің жалақысын арттыру жөніндегі шараларды да, сондай-ақ мемлекеттік қолдау алатын кәсіпорындардың өзара міндеттемелері шеңберінде еңбекақыны көтеруді де қамтиды. Сондықтан осы бағытта жұмыс істейтін боламыз.

Үкімет мемлекеттік қолдау шаралары тек бизнесті дамытуға ғана емес, азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға да бағытталатынын мәлімдеді.

Сонымен қатар Үкімет 2026-2029 жылдарға арналған халықтың табысын арттыру жөніндегі кешенді жоспарды бекітті. Құжатта жалақыны көтеру, сапалы жұмыс орындарын ашу, халықтың борыштық жүктемесін азайту, кәсіпкерлікті дамыту, кадрларды даярлау және қайта даярлау, сондай-ақ әлеуметтік қолдау жүйесін жетілдіру шаралары көзделген.